МӘСЛИХАТ ДЕРБЕСТІГІ АРТАДЫ
Кешегі Жолдауда Парламент пен жергілікті мәслихаттардың жұмысын жетілдіретін бірқатар ұсыныстар енгізілді. Оның ішінде мәслихаттың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізуден бастап әкімдерді жанама сайлауға дейінгі өзгерістер қамтылмақ.
Қала активінде Мұрат Әйтенов депутаттарды сайлау қазіргі пропорционалдық жүйемен бірге мажоритарлық жүйе арқылы іске асатынын айтып, бұл өзгеріс халықтың барлық тараптарын қамтуға жол ашатынын атап өтті.
«Қаламызда 630 мың сайлаушы бар. Ал Шымкент қаласы Мәслихатына кірген үш партияның жалпы мүшесі 50 мың адамға жетпейді. Демек сайлаушылардың 8 пайызы ғана партия мүшелері. Бұл жағдай халықтың сайлауға деген қызығушылығын жылдан жылға төмендетуі мүмкін. Сонымен бірге, мемлекет басшысы сайлауда дауыс берудің баламалы әдістерін қолданып, сайлау процесін жаңғырту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Шымкент қаласының Сайлау комиссиясы өткен сайлаулардағы тәжірибелерді ескере отырып, Президенттің сайлау үдерісін жаңғырту бойынша бастамасына нақты ұсыныстар әзірлеуге тиіс»,-деді әкім.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі