МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ РЕВАКЦИНАЦИЯ ЖАСАДЫ
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның үшінші компонентін салдырды. Халық қалаулысы ревакцинацияны қалалық №5 емханада жасатты. Екпе алған соң көпшілікті денсаулығын күтуге шақырды.
– Бүгін ревакцинацияға келдім. Бұған дейін «Спутник-V» вакцинасының екі компонентін салдырған едім. Қазір «QazVac» екпесін алдым. Мамандардың да кеңесі сол – егер алдыңғы екпелер басқа вакцина болса, ревакцинацияны басқа препаратпен жасау керек. Жалпы, соңғы күндері дерт өршіп тұрғаны барлығымызға белгілі. Сондықтан, қала тұрғындарын өз денсаулығын күту мақсатында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алуға шақырамын, – деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Шымкент қаласы мәслихаты хатшысының айтуынша, соңғы күндері қалада коронавирус инфекциясымен тіркелген науқастар саны үш есеге артып, 110 адамнан 320 адамға жетті.