Медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылаудың өзекті мәселелері
Инфекциялық бақылау жүйесін тиімді ұйымдастыру үшін әрбір медициналық ұйымда инфекциялық бақылау комиссиясы құрылады.
Инфекциялық бақылау комиссиясының басты бағыты:
— Ауруханаішілік инфекцияларды толық және уақтылы есепке алуды және тіркеуді ұйымдастыру;
— Ауруханаішілік инфекциялармен сырқаттанушылықты егжей-тегжейлі талдау және олардың пайда болу себептерін анықтау, тәуекел факторларын анықтау, ауруханаішілік инфекцияларының өршуін тексеру және жою жөнінде тиісті шаралар қабылдау.
Ауруханаішілік инфекция-пациенттің медициналық ұйымда болған кезеңде немесе одан шығарылғаннан кейін инкубациялық кезең уақытында анықталған инфекциялық аурулар (микроб, вирус, паразит текті) немесе қызметкердің медициналық ұйымда жұмыс істеуі салдарынан пайда болатын инфекциялық ауру. Ауруханаішілік инфекциялардың қоздырғыштары бактериялар, вирустар, грибоктар және басқа микроағзалар болуы мүмкін. Бактериялық инфекциялардың негізгі қоздырғыштары – стафилококктар, стрептококктар, сальмонеллдер, көк іріңді, ішек таяқшалары және басқа энтеробактерлер. Мәселен, стоматологиялық және косметологиялық кабинеттерде нашар өңделген немесе стерильденбеген құрал саймандармен жасағанда вирусты гепатиттің В және С түрін, саңырауқұлақ инфекцияларын, герпесті және тіпті АҚТҚ-ны (адамның қорғаныш тапшылық қоздырғышы) оңай жұқтыру мүмкін.
Науқас медициналық ұйымнан шығарылғаннан кейін 7 тәулік ішінде жаңа туған нәрестелердің тері инфекциясы анықталса, осы медициналық ұйымның ауруханаішілік инфекциясы ретінде есепке алынуға жатады, эндометрит — медициналық ұйымнан шығарылғаннан кейін 14 тәулік ішінде. Медициналық ұйымда болған кезеңде немесе одан шығарылғаннан кейін 30 тәулік ішінде анықталған хирургиялық және терапиялық араласудың асқынулары, имплантант болғанда — операциядан кейін 1 жыл ішінде аңықталған асқынулар ауруханаішілік инфекцияларына жатады.
Ауруханаішілік инфекциясының таралуына ықпал ететін факторлар:
-медициналық мекемелерге келушілердің артуы мен бір төсек орынға шамадан тыс тығыздығы;
-медициналық қызметкерлер мен науқастар арасында инфекцияны тасымалдаушылар;
-медициналық қызметкерлердің асептика және антисептика, жеке гигиена ережелерін бұзуы;
-ағымдағы және қорытынды дезинфекцияны уақтылы жүргізбей, тазалау режимін бұзуы;
-медициналық құрал-саймандарды, аспаптарды, аппараттарды және т.б. дезинфекциялау және зарарсыздандыру режимін бұзуы;
-жасанды желдету жүйесінің болмауы немесе іске қосылмауы.
Алдын алу шаралары:
-Медициналық қызметкерлер және пациенттер қол жуу ережесін қатаң сақтау, бір рет қолданылатын құралдарды, бетперделерді, сүлгілерді және т.б. заттарды пайдалану;
-емдеу-профилактикалық мекемелерде санитариялық-эпидемиологиялық ережелердің, дезинфекциялық-стерилизациялық режимдерді қатаң сақтау;
-стационарлар мен емханаларда таза және лас медициналық құрал-саймандарды мейлінше бөлек қолдану;
-қашықтықты сақтау, карантин, оқшаулау, бөлме ауасын желдету;
-медициналық бұйымдарды сапалы дезинфекциялауды, стерилдеуді қамтамасыз ету.
Шымкент қаласы Қаратау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Идияева Б.С.