МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АБУ-ДАБИДІҢ ТАҚ МҰРАГЕРІ, ШЕЙХ МҰХАММЕД БЕН ЗАИД ӘЛ НАХАЯНМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
Кездесу рәсімінің соңында Қазақстан Президенті мен Абу-Дабидің тақ мұрагері екіжақты қарым-қатынастарды жандандыруға, экономикалық серіктестікті кеңейтуге баса назар аударды.
– Қазіргі уақытта елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастар жоғары деңгейде дамып келеді. БАӘ Қазақстанмен өзара ықпалдастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық жан-жақты дамуда, -деп атап өтті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян.
Мемлекет басшысы Шейх Мұхаммедке қонақ-жайлық танытқаны үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан Президенті ретінде өзінің араб әлеміне жасаған алғашқы сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен бастап отырғанын айтты.
– Екі ел арасындағы қарым-қатынастар тарихының тамыры терең. Бізді шынайы достық, өзара сенім мен түсіністік байланыстырады. Сондықтан қарым-қатынастарымыздың келешегі зор. Менің сапарымның негізгі мақсаты – екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беру. Біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайды. Алға жылжуымыз керек. Мен осы сапарға ерекше мән беремін және үлкен үмітпен қараймын, -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекеттің де маңызды тарихи кезең алдында тұрғанын жеткізді.
Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарының екінші күнгі бағдарламасының аясында Дубайдың Халықаралық қаржы орталығын (DIFC) аралап көрді.
Дубайдың Халықаралық қаржы орталығының басқарма төрағасы Ариф Амири Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы экономикалық аймақ жұмысының принциптері, қажетті заңдық, коммерциялық және басқа да инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету арқылы бизнес пен қаржы институттары үшін тартымды жағдай жасау жөнінде айтты.
Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Дубайдың Халықаралық қаржы орталығы арасында тығыз ықпалдастық орнатудың, Дубайдың табысты тәжірибесін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына пайдаланудың маңыздылығын атап көрсетті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дубай-дағы «EXPO-2020» ха-лықаралық көрмесінде салынатын Қазақстан па-вильоны таныстырылды.
Жаһандық іс-шара 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Ақыл-ойды ұштастыру – болашақты қалыптастыру» деген тақырыппен өтеді.
«Ақорда».