МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІНІҢ МҮШЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақордада» Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесіп, Президенттік кадр резервін құру туралы бастама өзінің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі болғанын атап көрсетті.

Қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа әдістерді енгізу қажеттігін айтқан Президент осынау басқосуда:

– Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болу. Шын мәнінде, біз мемлекет қызметінің сервистік моделі жайында әңгіме қозғап отырмыз. Қазақстанға қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек, -деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқаруды реформалау жайында айта келіп, биылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқаратынын, үнемделген қаражат тиімді жұмыс істейтін қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыруға жұмсалатынын атап өтті.

Яғни Жолдауда айтылғандай, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің, сонымен қатар ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 25 пайызға қысқармақ.

Бұл тарапта Мемлекет басшысы:

– Қазақстан азаматтары шенеуніктерді қоғамға қатысты барлық шешімдерді билік дәліздерінде қабылдайтын қандай да бір таңдаулы топ ретінде қарамауы керек. Шенеуніктер қолжетімді болуы қажет. Мемлекеттік қызметші халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі деуден еш жалықпаймын! -деп мәлімдеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Президенттік кадр резервінің әрбір мүшесінен елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді.

– Алдағы уақытта сіздерді мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жібереміз. Қазірдің өзінде резервке өткен елу бес азамат жаңа қызметке тағайындалды, -деген Президент биыл резервтегі 100 адамды жауапты қызметке тағайындауды, алдағы жылдарда кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдалануды жоспарлап отырғанын айтты.

Оған қоса ол кадр резервін жасақтау жұмыстарының мұнымен тоқтап қалмайтынын, оның қатарына ынталы және лайықты жастар кіре алатынын да баса айтты.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы кадр резервіне кірген жастардың өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты атқаратынына сенім білдірді.

 «Ақорда».

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.