МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ — ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕҢГЕЙІН ТӨМЕНДЕТУДІ КӨЗДЕЙДІ
Бүгінде егемен еліміз еңсесін тіктеп, өркениет жолында ілгері жылжып келеді. Алдымызда мәңгілік ел болуға бағытталған межелі мақсаттар мен жарқын бастамалар күтіп тұрғаны баршаға мәлім. Қазіргі таңда, қуатты Қазақстанды қалыптастыру — мемлекет саясатының басым бағыты ретінде айрықша маңызға ие болып отыр.
Десе де, мемлекет экономикасын тұралатуға және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге қауқарлы сыбайлас жемқорлық мәселелері — әлі де күн тәртібінен түспей келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына Жолдауында «Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квази мемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз керек» деп, жемқорлыққа қарсы күреске басымдық беру қажеттігін тілге тиек еткен еді.
Ел Президенті атап өткендей, жыл өткен сайын көлеңкелі қылмысқа жол бергендерге көрілетін жаза түрі қатаңдап келеді. Дегенмен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тәуекелдерінің туындауы тек бір ғана тараптан болмайтындығын ескерген жөн.
Осы орайда, ел дамуын бәсеңдетіп, халық пен билік арасындағы берік сенімді сетінететін сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның деңгейін төмендету тек Агенттік қызметкерлеріне жүктелген міндет емес, ол әрбір қазақстандыққа ортақ міндет екендігі баршаға белгілі.
Себебі, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеу — көпшіліктің көкейіндегі жалпылама ұран болғанмен, іске келгенде әр бір азаматтың, ардың ісі екені анық.
Қоғамда пара беру, пара алу, делдал болу сынды құқықбұзушылықтардың орын алуына, көп жағдайда тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділіктің төмендігі себеп болып жатады.
Тірлігін теңгемен шешуге тырысып, қызмет көрсетушіге қаражат ұсынуға құмар азаматтардың әрекеттері «Пара беру, пара ұсыну» қылмысының туындауына тікелей ықпал етуде.
Сондықтан да, пара беруші болмаса, пара алушы да болмайтынын ескерсек, көпшілік қауым елдің ертеңгі болашағы үшін өзінің азаматтық белсенділігін танытуы қажет-ақ.
Соның ішінде, адал қоғамды қалыптастыруда еліміздің әрбір азаматы ар тазалығын сақтап қана қоймай, ұшырасқан сыбайлас жемқорлық деректеріне бей-жай қарамауы тиіс.
Бүгінгі күні Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін 1424 Cаll орталығына қоңырау шалу арқылы тұрғындар өз ақпараттарымен бөлісуіне толықтай мүмкіншілігі бар.
Және мекемеге арыз-шағым қалдыру арқылы өзінде бар барлық мәліметін толықтай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдеріне ұсына алады.
Осы орайда, Түркістан өңірінде соңғы 8 ай ішінде жемқорлық қылмысын әшкерелеуге жәрдемдескен 9 азаматқа ақшалай сыйақы беріліп, облыс тұрғындарының тарапынан шалынған қоңыраулар арқылы 7 тұлғаның үстінен қылмыстық іс қозғалып отырғанын айта кеткен жөн.
Қорыта келгенде, Мемлекет басшысының Жолдауда атап көрсеткен жаңашылдықтарды назарға ала отырып, қазақ қоғамында парақорлық емес, парасаттылықтың салтанат құруына бүкіл қоғам болып жұмыла әрекет етуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендетудің төте жолы — азаматтық белсенділікті арттыра отырып, халқымызға біріге адал қызмет ету деп есептеймін.
Қаттаубаев Марат Талдыбекұлы — Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары