МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БАСҚА ЖЕРДЕ ЕМЕС, ӨЗ ЕЛІНДЕ МҮШКІЛ КҮЙ КЕШУІ, БҰЛ – МАСҚАРАЛЫҚ!
Смағұл ЕЛУБАЙ.
Бүгінде парақорлық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, азғындық, ажырасу, педофилдік, гомосексуализм, нашақорлық, әкеден безу, баласын сату тәрізді біздің ұлттың бойында бұрын болмаған сұмдықтар шығып жатыр. Социализм бізге құдайсыздықты, имансыздықты алып келді. Сайтани қоғам орнатты. Соның салдарын әлі тартып жатырмыз. Бүгінде үйленген жастардың қырық пайызы ажырасады. Бес жүз мыңдай қыз-келіншектеріміз тұрмыс құра алмай жүр. Ол демографиялық тұрғыда бір миллиондай қазақты жоғалту деген сөз. Мұндай сұмдықтар бұрынғы дәстүрлі қазақ қоғамында болмаған. Ал енді сол университеті, кітапханасы, театры, киносы, теледидары, мектебі болмаған, тек дін үйрететін медресесі ғана болған қоғамда жаңағыдай төбе шашыңды тік тұрғызатын қылмыстар болмағанын айтып отырмын. Тіпті көшпелілер үй есігіне құлып та салмайтын. Оның себебі не? Себебі адамдарда иман болатын. Қазақ иман жинауға күш салатын. «Имансыз» деген сөз – ең ауыр сөз болды. Иман қайдан келді? Ол діннен келді. «Ертең Құдай алдына барамыз, әр істеген амалымызға жауап береміз» деген сенімнен келді. Ата-бабаларымыз О дүниеге сенді. Сондықтан да біз ұрлық-қарлық, парақорлық, азғындық, ұлттық деградациямен күрестің жалғыз жолы жаппай иманға бет бұру деп білеміз. Яғни дәстүрлі дінімізді қалыпқа келтіру деп білеміз. Ол дегеніміз, отырып алып таңнан кешке дейін намаз оқи беру деген сөз емес. Алла адамның жүрегінде болуы керек, ал екі қолы жұмыста болуы керек.
* * *
90-шы жылдары империя құлаған кезде біз батыстың озығын алудың орнына, тозығына жармаса кеттік. Әсіресе, жастарымыз. Экран арқылы бізге батыстың былығы құйылды ма? Құйылды. Жертөлелерде балалар порнография көріп отыратын. Соның нәтижесі не болды? Суицид, жаппай ажырасу, гомосексуализм, алкоголизм, нашақорлық, жезөкшелік бізге келді. Қазір осылар жастарымызды аздырып жатыр. Осынау қылмыстар кешегі полиция жоқ, түрме жоқ, прокуратура жоқ, театр жоқ ұлы далада болып па еді? Жоқ, болған жоқ. Қалай болмады? Қазақтың үйіне қол салмайтын, есік ешқашан құлыпталмайтын. Ол ненің арқасы? Қазақтың жүрегіндегі иманның арқасы. Тек қана иманның арқасында осынау Ұлы дала халқында жария еткен қылмыстардың біреуі де жоқ, ұждани-моралдық тұрғыда батыстан он есе жоғары, он есе таза ұлт болды. Неге біз батыс салған жолмен жүруіміз керек? Бұл өзімізді тұйыққа тіреу емес пе? Батыс азғындығына ұрыну емес пе? Олардың технологиясы дұрыс, киімді жақсы тігеді. Оны алайық. Ал бірақ осылардың моральдық ұстанымының бізге бір тиынға қажет жоқ, ағайын. Қазақстан батысқа да еліктемей, шығысқа да еліктемей өзінің ата-бабалары салған жолымен жүруі керек. Ата-бабаларымыз мыңдаған жыл бойы ұлы далада ғажайып социум ұйымдастырды. Батысты былыққа батырған сегіз қылмыстың бірі де ұлы далада болмаған.
* * *
Қытайдың 52 зауытын Қазақстанға көшіру жөніндегі екі ел басшы-лары жасасқан келісім еді. Бұл келісімнің Қытайдың ұлттық мүддесіне сай келетіні күмән тудырмайды. Өйткені 52 зауытпен бірге Қазақстанға мыңдаған қытай жұмысшылары келеді. Олар келсе, қалайда Қазақстанға орнығуды көздейді. Қазақстанда қытай диаспорасын көбейту – Қытай елі үшін стратегиялық мүдде. Ал Қазақстан үшін бұл келісімнен не пайда?! Тактикалық тұрғыдан Қытайдан миллиардтап қарыз алу үшін қажет болған шығар. Бірақ стратегиялық тұрғыдан бұл 52 зауыт Қазақстандағы Қытай экспансиясына кең жол ашпай ма? Бүгінгі күннің қаражат проблемасын шешеміз деп біз қазақтың ертеңгі ұрпағы үшін айықпас проблема тауып бермейміз бе?! Сонда ертеңгі жас ұрпақ миллиард қытай экспансиясымен қалай күреспек?! Бізді бүгінде осы сұрақтар мазалайды. Бізді ғана емес, күллі қазақты мазалайды. Осындай жан ауыртар сауалдарға жауап таба алмай отырмыз. Әлде біз естімей қалдық па? Бұл келісім тек қана бүгінгі ел тағдырына емес, ертеңгі ел тағдырына тікелей әсер ететін шешім болғандықтан, бұл сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берілуі керек еді.
* * *
Еуропа, Америка бір жынысты некені заңдастырды. Ол ұрпақ өмірге келмесін деген сөз. Азғындықтың одан өткен түрін табу қиын. Түбінде бұл елдер өз қызымен өзі ойнауды, өз ұлына өзі күйеуге шығуды да адам құқы деп заңдастыратын шығар. Өйткені батыстық либерализм құдайсыздық жолына түскелі сайтан жолымен тартып келе жатқаны аян. Мінеки, осы рухани апаттан бізді дәстүрлі дініміз, иманымыз ғана қорғай алады. Онсыз біз батысқа ілесіп кете берер болсақ, түптің-түбінде қайтып шықпас құрдымға кетеріміз хақ.
* * *
Сонау 40-шы жылдары өзіміз нанға жарымай отырып, бала-шағамызды баға алмай отырып, екін-ші бөлмесіне не орыстың бала-шағасын, не кәрістің бала-шағасын, немісті бала-шағасымен орналастырдық ғой. Бүгінгі миллионерлер бір оралманға қолын созды ма? Оралман тұрмақ ағайынын үйге кіргізбейтін жағдайға жетті. Бұл да батыстың бізге жұқтырған индивидуализм деген кеселі. Ол эгоизмнен туады. Адамға берілген азаттықты батыс абсурдқа айналдырды. Дәстүрлі отбасын құрту үшін гендерлік саясат, әйел теңдігі деген әдемі ұран ойлап табылды. Ал осының ар жағында біз сияқты ұйып отырған ұлттың берекесін алып, дәстүрлі отбасын жою тұр. Батыста жойып болды, енді бізде жою керек болды. Мінекей, бізге келіп жатқан мәселелердің жаман-жақсысын ажыратпай аузымызды ашып, қылғыта береміз. Бұл бізді апатқа алып барады.
* * *
Қазақстандағы өзге ұлттарды өкпелетіп алма-йық деп жүріп, өзімізді өшіріп алмауымыз керек. Эфирге шығып алып, мүйізі қарағайдай 15 үкімет мүшесі орысша көстеңдеп, ұрпаққа теріс үлгі беріп отырады. “Бұлай істеуге болмайды” деп ойбайлаумен келе жатырмыз. Үлгі беретін басшылар ел алдына шыққанда осылайша орысша көстеңдей беруін доғармаса, Қазақстан ешқашан толық қазақшаға көшпеуі мүмкін.
Бір орыс отырса бітті, 100 қазақ орысша көстеңдей жөнеледі. Сонда мен өңшең құлдарды көргендей боламын. Құл халық қалай азат халық болады? Ендеше, шапшаң жаңғыруымыз керек.
* * *
Отыз жылда отыз сөз үйренбегендер қызметтен кетуі тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тіл білуі бұл қызметте оларға қойылатын бірінші шарт болуы қажет. Орыс тілін осы үйренгеніміз де жетер! Өз тілімізде сөйлей алмай күллі әлемге күлкі болдық. «Қазақ – өз тілі жоқ халық» деді Жириновский. Соның айтқаны келді. Шетелдегі студенттеріміз соны дәлелдеп жүр. Қазақстанда қазақ тілінің бұлайша қор болуы тәуелсіздікке көлеңке түсірді. Тәуелсіздіктің қадірін кетірдік. Тәуелсіздікке неге ұмтылады халықтар? Не үшін қан кешеді? Өзін-өзі сақтау үшін. Тілін, дінін, елін, жерін сақтау үшін. Бізге тәуелсіздік аспаннан түскендей болды да, соның бағасын білмей, қадірін кетірдік. Мемлекеттік тілдің басқа жерде емес, өз елінде мүшкіл күй кешуі, бұл – масқаралық! Бұдан өткен масқаралық жоқ! Енді ес жию керек!