«МЕНІҢ ЖАТЫРЫМ – МЕНІҢ ШАРУАМ» ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ТАҒЫ БІР СОҚҚЫ

Қоғамдағы теріс қылықтарды жарнамалағым келмейді. Бірақ қалам иесі болған соң қоғамда болып жатқан келеңсіздікке бей-жай қарай алмасымыз да хақ.

Бұл не болды? Жаратқанның жаратылысына қарсы шыққандары ма? Қалауы күнде өзгеріп, таңдауы таңдай қақтырып жатқан адамзат баласы ғана. Бейбіт заманның бағасын білмей, әйтеуір еріккеннің ісінің соңында жүр. Әуел бастан даналықтың символына айналған қазақ әйелінің бүгінгі бейнесі осыншалықты төмендегені ме? Мінберде сөйлеп, «менін» көрсетсе, әлемді өзгертіп, «алтын басты әйелден артық болған еркекті» басып озуға шынымен талпынғандығы ма? Әлдебір «қой терісін жамылған» жат пиғылдың арандатуына ұрынғандығы ма? «Мың күн сынбаған шөлмектің бір-ақ күнде сынғаны ма?». Жаулығын тастап, ел ішіндегі соғысты тоқтатқан әйелдің енді соғысты қолдан жасағысы келгендегісі ме? Бүтін елдің ұйытқысы болған әйелдің бұл әрекетін түсінгіміз келсе де, түсіне алмай дал болдық.

Уақытында Ләззаттар тәуелсіздік талап еткен алаңға, ермен теңдік, гейге кеңдік сұрап, жынысы бір жындылардың қылығын көрсетіпті. Түр бейнеміз ғана қазақ, ісіміз бен қалауымыз батыстың азғындығы. Әйел жатырын міндетсініп, нәпсісін тояттандыруды қалайды. Әйел ас үйден гөрі түзде өктем болғысы келеді. Ерді жөнге салсам, билік айтсам, еркіндігім, көпке көркем көрінсем, көркемділігім сол деп есептейді.

Мына заманның, мына қоғамның түрі қорқынышты болып барады. Қайда бара жатырмыз? Кім болмақпыз? Көзіңмен көріп, қолыңмен ұстаған тұрмақ, естігеннің өзінде денең дір ете қалатын, оғаш қылық шықпайды-ау деген әйелдер 8 наурызда шерулетті.Әйелдер маршы Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында болып өтті. Рұқсат етілген шеруді ұйымдастыруға Feminita, “ҚазФем”, “Фемсреда”, “SVET” қоғамдық қоры және FemAgora атсалысты-мыс.

«Менің жатырым – менің шаруам» деген тәрізді арнайы сөздермен ұрандатып, құқығының қорғалуын талап еткендер «жатыр» мен «құқықтың» бір-біріне қандай қатысы барын біле алмағандай. Әйтпесе, айдың-күннің аманында ерлермен тең құқылы болуы, зорлық-зомбылықтың болмауын талап еткендер дәстүрлі емес жыныстық бағдармен бірігетіндердің, өздерінің әр түрлі екендіктерін білдіретін ЛГБТ-ның түрлі-түсті туын алып шығар ма еді?! Әйел теңдігін емес, гендер­лік теңдікті талап еткендердің көздегені – ғасырлардан қалыптасқан ұлттық құндылықты талқан ету деп түсінді шеруді көрген есі дұрыс адамдардың барлығы. Іс-шараға жиналғандар әйелдердің тұрмыста және күнделікті өмірде көретін қиыншылықтары мен құқықтарын паш еткіміз келеді деп шулағаны – көзбояушылық.

Алайда шарада көтерілген мәселелер қазақ қоғамына, құндылықтарға тән емес. Ұлттық құндылықтардан ада, ар-ұяттан алыс азғындар бір жынысты жұпты, жезөкшелікті, тағы бірсыпыра айтуға ауыз бармайтын, тіпті еститін құлаққа тым жиіркенішті нәрселерді алға тартып, құқығын талап еткен болыпты.  Анайы сөздер мен батыстың былығын айқайлатып тұрып жазып алып шеруге шыққандардың арасында лесби, бисексуал, квир, транс әйелдер құқы­ғын қорғаушы феминистер де бар. Сорақылықтың соңғысы да бұл емес. Олар жыныстық қызмет көрсетіп жүрген әйелдерді де қолдайтындықтарын мінберде тұрып айтқан.

«Шешемнің маған қалдырған өсиеті бар еді, “кең болсаң, кем болмайсың” деген. Құрбыларым, достарым, сіздерге былай деп айтқым келеді: Қазақстанда лесби әйелдер бар, оның бірі – мен. Өзге әйелдердің құқығы бар, оны қорғаушының бірі – мен. Болсаңыз кең, болмассыз кем, болсаңыз кең, боламыз тең» дегенді айтты бірі тайсалмай. Онысын қасындағылар қолдап тұр! Масқара! Қазақтың ұлттық киімін киіп тұрып, ұлттық салт-санамызға мүлде қарама-қайшы, жиіркенішті нәрселерді шімірікпестен айту «Ал не істей аласың?» дегенді білдіретіндей. Нағыз қорлық қой бұл! Діні мен дәстүрді биік қойған қазақ халқына ашық түрде арсыздықты әкелу ғой бұл дегенің!

Қазақ әйелдерінің құқығын қорғағысы келетіндердің қолындағы плакаттардағы жазуды байқадыңыз ба? Бірде біреуінің ұлттық сипаты жоқ. Ойға сыйымсыз. Плакаттағы жазуларының өзі тұрпайы. Әріпі қазақша болғанмен, қазақилық жоқ! Батысша сөйлеп тұр! “Әр әйел – жалғызым!”, “Феминизм Қазақстанды құтқарады!” ұрандары тіпті оғаш. Арасынан “Қызға қырық үйден бостандық” деген жазуды оқыдық. Олар сол қазақтың отбасылық тәрбиесіндегі “қырық тыйымның” негізінде ұлттығымызды сақтап отырғанын біледі ғой дейсіз бе?! “Өз ойыңды айту ұят емес” деп жазып алыпты. Бұл не де­ген сөз. Қазақ қызы тәрбиесінің басты шарты болған «ұятты» ұмыттырғылары келе ме? Ұятын ұмытып, тыйымнан тайсалмасақ, не қадір, не қасиет қалмақ?!

Әрине, отбасылық зорлыққа барша қарсы! Оны біз айтып та, жазып та жүрміз. Себебімен күресуге де тырысып келеміз. Біздің қоғамда отбасылық зорлық-зомбылық жоқ емес.  Отбасындағы кейбір зорлық-зомбылық, мәжбүрлі некелесу сияқты олардың еркі мен құқықтарын шектейтін факторлар бар. Бірақ бұл бүкіл қазақ әйелдері қорлықта өмір сүріп жатыр деп аттандауға негіз емес. Әйел теңдігі, әйел мүмкіндігін кеңейту дегендерді қолдаймыз. Бірақ, қазақы түсініктен жұрдай бұл топ бір мәселені айтамыз деп бүкіл бір ұлттың намысына тиетін әрекетке барып отыр. Сол арқылы қазақ әйелдерінің атына кір келтірді деп санаймын. Мұндай ұйымдардың артында ұлт тамырына балта шапқысы келген “қой терісін жамылған” теріс пиғылдылар тұруы әбден мүмкін. Сол себепті ұлт тұтастығына қауіп тудыратын осындай шараларға ұрынбауымыз керек.

Басқаларында шаруамыз жоқ, қазақ қашан да әйелді сыйлаған, орнын жоғары қойып, оң жақтағы қызын төрден төмен түсірмеген. Қыз баланың шыр етіп дүние есігін ашқаннан тәрбиесіне ерекше мән беріп, бетінен қақпаған.

Қазақ әйелінің сауатты болғаны, ойын еркін жеткізгені, қоғамда маңызды роль атқарғаны керек, әрине. Керектен бұрын заман талабы. Бірақ, ер мен әйелдің теңдігін сұрап алаңға шыққандардың қатарында әлі ана сүті ауызынан кеппегені де, теңдікті бүркемеленіп, өзге ойды да көздегендері бар екенін көзіміз көрді. Олар жалпы еркіндік дегеннің не екенін өздері де түсінбейді-ау шамасы. Тәуелсіздік бағасын білмей, көрмей, ержүрек апаларымыздың көзсіз батырлықтарын санасына біз салуды қойғаннан кейін де ұрпағымыз кері жүре бастады.

Әншейінде алаңға шыққанға шаба жөнелетін құқық қорғау қызметкерлері мен Алматы әкімшілігі қайда қарап отыр? Жөні түзу нәрсені мінберде айтқызбайды, алаөкпе болып шауып, темір торға жабады. Ал нағыз ұлттық мүддеге қарсы әңгіме айтылғанда әдемі ғана бақылап отырғандарына қайран қалдым.

Олар мұншалықты батылдықты қайдан алып отыр? Ұятты нәрселерді плакатқа жазып, сағаттап дауыстап айтуға кім қолдау беріп отыр екен?! Масқара! Қандай бір қолдаушысы бар болғаны да, демек.

Алланың алдында адамзаттың барлығы тең екені ақиқат. Ал, баланың ата-анасына бойұсынуы, әйелдің күйеуіне бойұсынуы – табиғаттың жазылмаған заңы. Еркек пен әйел әуел бастан – тең. Біреуі – алапат күшімен, екіншісі – нәзіктігімен мықты. Тепе-тең емес деп көріңіз осыдан кейін. Ал, тепе-теңдік бұзылған жағдайда «хаос» басталатыны анық. Еркек өз табиғатына сай сұстылық пен сесті, ал әйел нәзіктік пен мейірімді жоғалтып алмағаны абзал. Аз қазаққа, Алла, өзің жар бола гөр!

Ұлжалғас Өскен.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.