МЕРЕКЕЛІК МӘДЕНИ ШАРАЛАРҒА ТОЛЫ ЖЫЛ

Қазақта «Тойың қабат болсын, өмірің абат болсын!» деген тамаша даналық сөз бар. Сол айтылғандай, биыл біздің сүйікті қаламыз қос бірдей тойды қатар тойламақ.  Шымкенттің 2200 жылдық мерейтойы  халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізіліп, ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіледі. Бұдан бөлек шырайлы шаһарымыз – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің мәдени астанасы мәртебесін иеленіп отыр. Қос тойды қатар өткізетін көне кентте көптеген мерекелік мәдени шаралар өткізу жоспарланған.

«Шымкент  – Достастықтың  мәдени астанасы – 2020»  іс-шарасына  дайындық жөніндегі ұйымдастыру комитеті егемен еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары  бас редакторларымен  «Шымкент —Достастықтың мәдени астанасы»  тақырыбында  кездесу өткізуді жоспарлаған. Негізгі іс- шаралар  басталғанға дейін  барлық шетелдік БАҚ  бас редакторларының Шымкентке пресс-туры да ұйымдастырылмақ.

Ал 22 наурызда ТМД елдері мәдени астанасы шарасының салтанатты ашылу рәсімі  Шымкенттегі  Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтеді. Бұл күні Достастық  елдерінен келген өнер шеберлерінің гала-концерті болады.

Жалпы алғанда, жыл бойына отыздан астам ізгілікті де игілікті іс-шара өткізу жоспарланған.

Сәуір айында «Жібек жолы»  дәстүрлі және заманауи сәндік қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі, «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» атты фестиваль, фотосуретшілер көрмесі өтеді.

Мамыр айында Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына арналған театр фестивалі, ТМД елдері симфониялық оркестрінің концерті, «Алтын сақа» атты анимациялық фильмдердің  халықаралық фестивалі, маусым айында цитадель қалашығы ашылып, арнайы кітаптың тұсауы кесіліп, гала-концерт ұйымдастырылады.

Оған қоса «Әлемнің екінші ұстазы» атанған  даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл- Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай  «Science. Heritage Nation» және Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Ақынның  туындыларына арналған бүкіл әлем суретшілерінің   халықаралық көрмесі өткізіліп, арнайы арт-салон құрылатын болады.

Мерекелік іс-шаралар бағдарламасында  сондай-ақ,  халықаралық юмор, ТМД елдерінің опера және балет, фольклорлық, халық  билері, сан түрлі өнер, музыка, эстрада  әндері фестивальдері т.б. іс-шаралар өтпек. 27-30 қараша аралығында айтулы жылдың салтанатты жабылу рәсімі өтіп, эстафета Шымкенттен Тәжікстанның астанасы Душанбеге беріледі.

Әбдісаттар ӘЛІП,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.