«Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы отандық телеарнадан қайтадан көрсетілетін болды (видео)
«Хабар» арнасы көрермендерін қуантпақ. Күзден бастап көптің көңілінен шыққан «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы эфирге қайта оралатын болады.
Бұл туралы “Хабар” арнасы хабарлайды.
Бағдарлама қазақстандықтарды бірден баурап алды. Әлемнің 120 елінде көрсетілген жоба миллиондардың жүрегінен жол тапты.
«Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы елімізде алғаш рет «Хабар» арнасында 2005 жылы эфирге шықты. Бірнеше маусым көрерменін қуантты. Кейін отандық өзге арналар көрсетті. Енді араға 12 жыл салып, жобаны қайтадан жаңғыртуды көздеп отырмыз”, – деді Хабар» арнасының директоры Сандуғаш Рахимжанова.
Жобаға жасы 18-ге толған кез-келген адам қатысуға құқылы. Шарттары да оңай. «М1» мәтінін 3698 нөміріне жіберсеңіз жеткілікті.
“Жобаның қаржылай қоры да өсті. Мәселен, 15 сұраққа дұрыс жауап берсеңіз, 10 млн теңге ұтады деген қатып қалған қағида жоқ. «Күймейтін» қаржы қоры артып отыр. Әр сомма екі есе өсті. Бірінші «күймейтін» қаржыда қатысушы 20 мың теңгеге ие болады. Ал екінші «күймейтін» қаржы 300 мың теңгеге жетті”, – дейді бағдарлама жүргізушісі Серік Ақышев.
Қатысушылар смс хабарлама бойынша тіркелгендер арасынан іріктеліп алынады. Түсірілім басталғанға бірнеше апта қалғанда генератор 250 ойыншыны таңдайды. Олар екінші турда телефон арқылы қойылған сұрақтардың жауабын табуы керек. Ал дұрыс жауап бергендер «Хабар» арнасында өтетін бағдарламадан миллион ұтып алуға біртабан жақындай түседі.