МИРАС ҚАРҒАБАЙ: «СЕРВИСТІК ӘКІМДІК» — ТҰРМЫСТЫҚ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ТУЫНДАУ МҮМКІНШІЛІГІН ТӨМЕНДЕТЕДІ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай Жетісай ауданындағы жұмыс сапары барысында тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында ел игілігіне берілген «Сервистік әкімдіктің» жұмыс барысымен танысты.
Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында 2020 жылдың 30 қарашасы күні аудан әкімдігі ғимаратында ашылған «сервистік әкімдік» күні бүгінге дейін 960-қа жуық азаматқа қызмет көрсеткен.
Тұрғындарға 8 дербес бөлім бойынша, атап айтсақ:
☑жер қатынастары,
☑ауылшаруашылық,
☑тұрғын-үй шаруашылық,
☑ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары,
☑ құрылыс, сәулет және қала құрылысы, ☑дене шынықтыру және спорт,
☑жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар,
☑білім бөлімдері бойынша 80-ге жуық мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі және мұнда азаматтарды қабылдау, өтініштерді жедел қарау, құқықтық кеңес беру, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді көрсету мүмкіншіліктері қарастырылған.
«Қандай да бір құжат үшін әр бөлімнің есігін қағып, уақытын жоғалтатын тұрғындар бүгінгі таңда әуре-сарсаңға салынбай, шаруасын бір ғана орталықтан бітіруді үйренуде. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке деген халықтың сенімін арттырып, сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізіп отырғанына сеніміміз мол. «Сервистік әкімдіктің» іске қосылуы – күнделікті орын алуы ықтимал тұрмыстық жемқорлықтың тамырына балта шабатын болады»,- деп атап өтті Мирас Қарғабай.
Айта кетейік, аталмыш орталық ішінен «Адалдық дүкені» де іске қосылған. Бұл сатушысыз дүкеннен келушілер өзіне қажетті заттарын бекітілген бағаға сәйкес, төлемақысын белгіленген тиісті орынға қою арқылы сатушысыз қажетті затын сатып алады.
Мұндай дүкендер өз кезегінде адалдық және сенім құндылықтарын қоғам арасында бекіте түсуге септігін тигізеді.
Азаматтардың адалдығы мен жемқорлыққа қарсы төзбеушілігін қалыптастыру мақсатында ашылған орталықтың атқарып отырған жұмыстарымен толық танысқан Мирас Қарғабай ашық кеңсе жұмысына оң бағасын беріп, әрбір келуші тұрғынға жедел және сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.