МИРАС, ШАПАҒАТ-2 ШАҒЫНАУДАНДАРЫНА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ТАРТЫЛУДА
Шымкентте елдімекендерге канализациялық желілерді тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазір Мирас, Шапағат-2 шағынаудандарында кәріз жүйелерінің құрылысы жалғасуда. Қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге елдімекендерге барып, осы бағыттағы құрылыс қарқынын қадағалады. Аталған елдімекендерге канализациялық желілерді жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2020 жылы сараптамалық қорытынды алынған болатын.
Құрылысқа 30 адам, 7 арнайы техника жұмылдырылуда. Өндірістік кестеге сай құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Мирас-Шапағат-2 нысанында жоспар бойынша жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізіледі. Осыған дейін жұмыстардың 85% аяқталған.
М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс сапасын назарға алып, абоненттерді орталықтандырылған желіге қосуды жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Биыл Тассай, Тұран, Қайтпас-2, 112- орам, Бозарық шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60 % — дан 65 % — ға артатын болады.