МҰҚАҒАЛИДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «МҰЗДАМА, ЖЫЛЫ ЖҮРЕГІМ» АТТЫ ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШІ ӨТТІ
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен кәусар сезім мен тояттамас көңіл, буырқанған шабыт пен сағыныш сыйлаған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұздама, жылы жүрегім» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Ақиық ақынның туған күніне орай өткен шарада жастар Мұқағали жырынан шашу шашып, лирикалық әндерін тарту етті.
Бұдан бөлек сыршыл поэзиясымен мәңгі есте қалатын ақынның өлеңдерін жатқа оқып, облысымыздың атын республика көлемінде танытып жүрген жас ақындар Мұқағалиға арналған арнау өлеңдерін айтты.
Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Талғат Қарынбаевтың режиссерлігімен сахналанған қойылым көпшілік көңілінен шықты. Қойылымның музыкалық көркемдеушісі, ән өңдеуші – Қанат Жұмабаев. Поэтикалық қойылымнан шығармашылық топтың көп еңбектенгенін бірден аңғаруға болады.
Мұқағалидың жастық шағынан бастап, Петербургке оқуға түскен шағындағы анасына деген сағынышы мен сүйіспеншілігі көріністің ерекше тебіреніске толы тұсы болды. Ақынның сүйген жары Лашынға деген ынтызар сезімі мен ыстық ықыласын да актерлер жоғары деңгейде алып шықты. Мұзбалақ ақынға ең қымбат жан қызы Майгүлдің қазасы орны толмас өкініш әкелді. Қойылымда ақынның осы кезеңдердегі сезімі туралы да көрсетіледі. «Мен өлемін қырықтың бесеуінде» деп ақынның өзі айтқандай, туынды Мұқағали өмірінің соңғы кезеңдерімен қорытындыланды.
Кешке арнайы қатысқан композитор,ғалым,журналист Бекжігіт Сердәлі, айтыскер ақын,Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбеков, облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев ұйымдастырушылар мен қатысушыларға айрықша алғысын білдірді.
«Мұқағали ақынның шығармашылығы-қазіргі қазақ қоғамында, әсіресе кейінгі буын жастардың арасында үлкен танымалдылыққа ие. Соның айқын дәлелі-бүгінгі әдеби кеш. Осындай мәнді, мағыналы кештер арқылы ақын шығармашылығының одан әрі насихатталып, өміршең боларына кәміл сенемін», деген Дәурен Сариев ақынның тойы жалғасын табатындығын жеткізді.