МҰРА ЖӘНЕ МҰРАГЕРЛІК

Мұрагерлік – қайтыс болған адамның мүлкі мен мүліктік құқықтарының мұрагерге ауысуы. Мұрагерлік өсиет заң бойынша жүзеге асырылады. Кісі мүлкін бір немесе бірнеше адамға, тұтастай не бір бөлігін ғана қалдыра алады.

Мұрагерлік құқық қатынастарынының пайда болуының негізі мұра және мұраның бірден-бір критериі-меншік. Конституциямыздың 26-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деп мүлікке жеке меншік нысанын заңмен бекіткен. Аталған баптың 2-тармағында «меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі» деп көрсетілген.

Мұраға ие болу құқы туралы куәлік алу үшін мұрагер қандай құжаттар тапсыру қажет деген сұраққа: 1.Қайтыс болған адамның өлген күнін растайтын анықтама қағазы; 2. Мұраның ашылған жерін, мұраға ие болу негіздерін дәлелдейтін құжаттар. 3. Заң бойынша мұраға ие болу үшін- туысқандық қатынастарды білдіретін куәліктер (егер еңбекке қабілетсіз және қарауында болса, соны растайтын анықтама қағаз). Бұл жерде мұрагердің мұра қалдырушымен туысқандық қатынасының дәлелі болатын құжаттар: балалары, жұбайы жөніндегі азаматтық хал актілерін жазу бөлімдерінің куәліктері; тууы туралы кітаптан үзінділер, төлқұжаттағы жазулар, туыстық және басқа да жақындық фактісін анықтау жөніндегі соттың заңды күшіне енген шешімдерінің көшірмесі,

Азаматтық заңдар бойынша мұраны қабылдауда қолданылатын тәсілдер: мұрагер мұралық мүлікті иелену немесе басқаруға іс жүзінде кіріскенде; мұра қабылданғаны туралы мұра ашылған жердегі мемлекеттік нотариалдық кеңсеге жазбаша арыз бергенде. Арыз мұра қалдырушының соңғы түпкілікті тұрғындағы  нотариалдық кеңсеге жіберіледі. Онда арыз беруші адам  өзінің атын, тегін, әкесінің атын және тұратын жерін толық көрсетуі керек (заңды мұрагердің мұралық мүлікті иеленуге немесе басқаруға кірісуі мұра ашылғаннан кейін 6 айдың ішінде жүзеге асырылуы тиіс). Сонымен қатар арызда мұрагер мұра қалдырушының мүлкін қабылдайтынын, қайтыс болған адаммен туысқандық қарым-қатынасын, мұраның ашылған уақыты, мұра қалдырушының соңғы түпкілікті тұрағын, мұралық мүлікті және басқа да мұрагерлер туралы көрсетеді. Мемлекеттік нотариус түскен арыздарды қабылдап, мұрагерлік туралы кітапқа тіркеугеміндетті. Арызды мұрагер нотариалдық кеңсеге өзі келіп немесе почта арқылы жіберуіне болады. Егер арыз почта арқылы жіберілген болса, онда арызды қойылған қолдың дұрыстығы нотариалды куәландыруы қажет. Қазақстан Республикасы «Нотариат туралы» Заңының бабына сәйкес, мұраға ие болу құқы туралы куәлікті –мұрагерлердің жазбаша арызы бойынша мұра ашылған жердегі нотариалдық кеңсе береді.

Мұраға ие болу құқы туралы куәлік азаматтық заңдардың нормаларына сәйкес мұраны қабылдаған мұрагерлерге беріледі. Мұра қабылдау мерзімін өткізіп алған мұрагер мұраны қабылдаған барлық өзге мұрагерлік құқық туралы куәлікке енгізілуі мүмкін. Бұл келісім мұраға ие болу құқы туралы куәлік берілгенге дейін жазбаша нысанда мәлімдеуге тиіс.

Қорыта келгенде, мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Азаматтық кодекстің 1072-2-бабы бойынша мұрагерлер мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде мұраны қабылдауға немесе бас тартуға өтініш жазулары керек, өтінішті мұра қалдырушының соңғы тіркелген мекенжайы бойынша орналасқан нотариусқа барып жазады. Егер сіз белгілі бір себептермен белгіленген мерзімді өткізіп алсаңыз, онда сот арқылы қабылдау мерзімін қалпына келтіре аласыз және сот мұраны қабылдау уақытын тағы екі айға созып бере алады. Ол үшін мұрагерлер сотқа арыз жазады, егер сот қайтыс болған мұрагердің мұрагерлерінің осы мерзімді өткізіп алу себептермен дәлелді деп тапса, онда сот оларды Кодекстің 1072-3-бабына сәйкес мұраны қабылдады деп тануы мүмкін.

Арыс аудандық сотының бас маманы:  

    Заурбек Динара Абдумаликовна 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.