НАННЫҢ ДА БАР НАЛАСЫ

Отаршылдық жүйе белімізді опырып жібермесе де, ең алдымен тілімізге күрмеу салды, тілге қоса тектілік, тәрбие ұғымдары мен жазылмаған заңдарымызды өшіре бастады. Зымырыған жылдар бойы жалғасып келе жатқан салтымыз бен дәстүрімізге бей-жай қарау, қала берді ұрпақ алдындағы үйрету парызының ұмытылғанының бүгін тағы бір көрінісін көрдім.

Қаланың қым-қуыт, апыл-ғұпыл тіршілігі адамды тәрбие тұғырынан алыстатып жіберетіндей көрінеді кейде. Бала кезден көршінің үйін жағалап тарататын «Жеті нан» «Құдайы нанын» қолына алып, ниетінің қабыл болуын тілеген әже көпқабатты үйлердің арасында көршілеріне үлестірмек ниетте шыққан екен. Бірақ алдынан шыққан жас келіншектер алудан бас тартқан. Олардың бірі «Кім біледі, қандай ниетте беріп жатқаныңызды?» деп қара аспанды төндірсе, енді бірі «Сізден кім нан сұрады? Біз тамаққа мұқтаж емеспіз» дегенді айтқан. Қасиетті жұмада Құран оқытып, Алладан амандық тілеген әжеміз осылайша қалалық келіндердің тас қабағынан шошынып алдымнан шықты. Бұл ғана емес, қазір «ішкенің – алдыңда, ішпегенің – артыңданың» заманы. Бұрын жерге түскен нанның қиқымын теріп, қасиетті санасақ, қазір қаладағы қоқыс жәшіктерінің жанынан өте қалсаң, жаның түршігеді. Жағалай шашылған – нан. Жүрегің ауырып, бұл қазақтың үйінен береке қашпаса екен деп тілейсің…

«Әй, Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» дейтін қазақ қайда қазір?! Әйтпесе тарихқа басылып жазылған небір зұламат шақтарды басынан өткерді емес пе бұл қазақ? Бір үзім нан түгілі бір уыс бидайға зар болды да. Бейімбеттің «Күлпашын» оқыған жан бүгінгідей бейбіт заманға сансыз шүкіршілік айтып, аспаннан жерге бір түскендей болар еді.

Қазақта «Ас атасы – нан» деген сөз бар, яғни астың, дәмнің үлкені – нан. Бала ақ пен қараны ажыратып танымай тұрып-ақ оған оң қолына нан ұстауды, нанды баспауды, тастамауды үйретеді. Адам баласы кез келген тамақты екі күн жесе, ол қанша нәрлі болғанымен сол тамақтан жалығады. Ал бірақ адам баласы өмір бойы наннан шықпайды, наннан зерікпейді, жалықпайды. Дастарқаныңыздың үстінде күнде нан тұрмаса, көңіліңіз де, дастарқаныңыз да – орта, берекеңіз кетіп, дүние ойсырап тұрған секілді басқа тамақ көзіңізге көрінбейді. Өзге халықты қайдам, қазақтың нансыз күні жоқ деуге болады. Қазақта «Қатықсыз қара су ішіп, қара нан жесек те, амандық болсын» деген де сөз бар ғой… «Нанды жерге тастама», «нанның үстіне зат қойма», «нанды төңкерме», «нанды бір қолмен үзбе» деген сөздің барлығы – сол нанның қасиетіне орай айтылған тыйымдар. Тіпті адам ашыққан кезде қолы жетпейтін биікте тұрған нанды Құранның үстіне шығып алуға болады екен, бірақ нанның өзін ешқашан баспаған. Нанның қасиетті Құраннан да жоғары бағаланатынын осыдан-ақ білуге болады.

Шүкіршілік етудің ғана арты – ризық. Сондықтан нан қадіріне жетіп, ұрпағымызға дұрыс үлгі етелік!

Ұ.Өскен.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.