Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, ҚР Халық әртісі: Ақша тәрбиелеп кетті
Ұлттық құндылықтар туралы текке әңгіме қозғаған жоқпын. Қазір бізде мектеп, институт, академия ондай тәрбие бере алмайды. Ата-әже институты жоғалды деп байбалам салып жүргендер көп. Ұлттық қасиетімізді ұлықтайтын, ұлттық құндылықтарға икемдейтін жүйе қалыптаспаған. Қалтамызда ақша болса, сонымен, дүниені аралағымыз келіп тұрады.
Жастар сауықшыл, думаншыл болып кетсе, бұған біздің кінәміз жоқ. Өйткені қазір жастарды көше тәрбиелеп кетті. Ақша тәрбиелеп кетті. Сөйтіп, біз егемен елдің қорғаны болатын патриоттарды тәрбиелеудің орнына, намыссыз, жасық ұрпақты көбейтіп алдық. Олар үшін құндылық жоқ. Қалаған жерінде тұра алады. Ақшасын төлесе, кез келген жұмысты атқаруға дайын. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін мораль қайда кетті?! Бірақ ұрпақ тәрбиесінде көп олқылықтар жіберіп алғанымызды мойындауымыз керек. Отанын сүю, ұлтыңды сүю туралы мораль айтсаң, күле қарайтындар өте көп. Оны біз қазір айтпасақ, ертең кешігіп қалуымыз мүмкін.
aikyn.kz