«Нұрлы жер» бағдарламасы туралы не білеміз?
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына кімдер қатысушы бола алады?
ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындалатын кезектілік тәртібімен мына санаттарға мүміндік беріледі:
— көп балалы отбасылар;
— толық емес отбасылар;
— мүгедек балалары бар отбасылар;
— жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
— оралмандар;
— 1 және 2 топтағы мүгедектер;
— мемлекеттiк қызметшiлер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi.
Бұл ретте тұрғын үйдің 50 %-ы кемінде 3 жыл некеде тұрған, балалары (баласы) бар және жұбайлардың екеуінің де жасы 35-тен аспаған (бағдарламаға қатысуға өтініш беру сәтінде), сондай-ақ балаларды (баласын) жасы 35-ке толмаған, оның ішінде ажырасқан, жесір/тұл қалған ата-ананың біреуі ғана тәрбиелеп отырған толық емес отбасы сияқты жоғарыда көрсетілген санаттардағы адамдар да өткізіледі.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша төлем қабілеттілігін бағалау үшін қандай құжаттар ұсыну керек?
— Өтінім беруші мен Кепілгердің жеке куәлігінің түпнұсқалары (салыстыру үшін) мен көшірмелері.
— Өтінім беруші мен Кепілгердің тұрғылықты тұрғын жайы бойынша тіркеуді растайтын құжат (адрестік анықтама);
— Өтінім беруші мен Кепілгердің жұмыс орнынан лауазымы, жұмыс өтілі туралы анықтаманың түпнұсқасы;
— Өтінім беруші мен Кепілгердің жұмыс орнынан құжат тапсырған айдың алдындағы алты айдың еңбек жалақысы туралы анықтамасының түпнұсқасы.
— Өтінім беруші мен Кепілгердің құжат тапсырған айдың алдындағы алты айдың басқа да табыстарын растайтын құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері;
Толық емес жұмыс күні немесе бірлесіп атқарылған жұмыстардан түскен табыстар туралы ақпарат соңғы 12 ай ішінде алатын табысын растау ұсынылған кезінде пайдаланылады.
Жыл сайынғы бонустар Өтініш берушінің төлем қабілеттілігі кезінде назарға алынуы мүмкін, егер Өтініш берушінің оларды соңғы 2 жыл ішінде алғандығын оның жұмыс берушісі растайтын болса.
— Өтінім беруші мен Кепілгердің құжат тапсырған айдың алдындағы алты айдың зейнетақы аударымдары туралы үзіндінің түпнұсқалары;
— Неке қию туралы куәліктің, жұбайының некені бұзу туралы, жұбайының қайтыс болғандығы туралы куәліктің түпнұсқасы мен көшірмесі (жұбайы болған жағдайда);
— Балаларының туу туралы куәліктерінің түпнұсқалары (салыстыру үшін) мен көшірмелері (балалары болған жағдайда).
Аталған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына Тұрғын үй департаментінде басқа мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрған азаматтар қатыса ала ма? Жоқ әлде құжаттарын қайта жинап және қайтадан кезекке тұру керек пе?
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес оған қатысу үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж немесе ЖАО-мен жалға алынған жеке тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге мұқтаж ретінде ЖАО-да есепте тұрған азаматтар жіберіледі. Қосымша ақпараттарды ЖАО-дан алуға болады.
Тұрғын үйді қашан сатып алуға болады?
Сатып алу құқығымен жалға беруде мыналар көзделеді:
— Сатып алу құқығымен жалға беру мерзімі – 20 жыл;
— Жалға беру мерзімі өткеннен кейін тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді;
— Жалға берілетін тұрғын үйді мерзімінен бұрын сатып алуға жол беріледі.
— Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен соттан тыс тәртіппен мәжбүрлі немесе соттың шешімі бойынша кепілдікке алынған тұрғын үйді өткізу жағдайларын қоспағанда, Бағдарламаға қатысушы сатып алу-сату шарттары бойынша меншікке сатып алған кредиттік немесе жалға берілетін тұрғын үйді сатып алған күнінен бастап екі жыл ішінде иеліктен шығаруға жол берілмейді;
Жалдау төлемдерін төлеу қалай іске асырылады?
Жалдау төлемдерін есептеу Шарт жасалған күннен басталады. Жалдау төлемдерінің бірінші және соңғы айдағы мөлшері Шарт жасалған күннен бастап сол айдағы күндер санына шамалас белгіленеді. Жалға алушы Шартқа отырғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күн ішінде бірінші айға жалдау төлемдерін төлеуге міндетті. Жалға алушы кейінгі айлардың жалдау төлемдерін Төлем кестесіне сәйкес төлеуі керек. Жалдау төлемдеріне Тұрғын үйді пайдалану және коммуналдық қызметтер бойынша шығындар, сондай-ақ Тұрғын үйді күтіп ұстау, жөндеу бойынша шығындар және Жалға алушы дер кезінде және өз қаражаты есебінен төлеуге тиіс салықтар бойынша шығындар кірмейді.
«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы».