Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Шымкент Орталық Азияның экономикалық жəне мəдени орталығы болуы тиіс»
Мемлекет басшысы Шымкентте мегаполистің əлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша жиын өткізді. Онда Елбасы мегаполистің дамуының басты бағыттарын айқындап, бірқатар тапсырмалар берді.
— Болашақ — ірі қалаларда, — деді Н.Назарбаев. — Мегаполистер арасындағы бəсекелестік арта түседі. Шымкенттің де даму көшінен қалып қоймауы үшін əлеуеті жеткілікті. Қаладағы халық саны миллион адамнан асты, мегаполис Астана мен Алматы сияқты дамуы тиіс. Шымкенттің өзкнің дамуы стратегиясын қалыптастыру керек.
Президент миллионды қала дамуы тиіс бірнеше бағытты нақтылап берді. Ең бірінші, Шымкент Орталық Азияның ірі экономикалық жəне туризм орталығы атануы тиіс.
— Ташкент жақын, Өзбекстанмен байланыс нығая түсуде, — деді Мемлекет басшысы. — Шағын жəне орта бизнесті дамыту керек, инвесторларды жұмылдыру қажет. Туризм дамуы үшін жақсы дамыған инфрақұрылым, замануи əуежай мен теміржол вокзалы болуы тиіс. Туризм — əлемдегі ең табысты бизнес. Ал Шымкенттің мүмкіндіктері мол: қалада саябақтар, цирк, дендросаябақ, зообақ, концерт залдары бар. 2020 жылы Шымкент ТМД-ның мəдени астанасы атанбақ. Соған дайындалу керек.
Екіншіден, Елбасының сөзінше, Шымкентте медицина, фармацевтика, құрылыс индустриясы секілді экономиканың əлеуетті салалары дамуы тиіс. Ал үшінші тапсырма ретінде Мемлекет басшысы жастарды қолдау мен білім беруді жақсартуды тапсырды.
Н.Назарбаев бұған қоса мегаполистің сəулеттік келбеті туралы да айтып өтті.
— Шымкенттің өзіндік қайталанбас сəулеттік стилі болуы керек, — деді Президент. — Астананың стилін көшірудің қажеті жоқ. Өздеріңіздің мəдени ерекшеліктеріңіз бар. Ескі үйлерді сүріп, жаңасын салу керек. Бұл үшін арнайы мемлекеттік бағдарламамыз бар. Ретсіз сауда орындарынан арылу керек. Шымкент ақылды қала болуы тиіс. Сонымен қатар қала аумағының кеңеюі емес, тығыз орналасуы өзекті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2025 жылы Шымкент халқының саны 1,3 млн адамға жететінін, осыған орай мегаполиске жаңа балабақшалар, мектептер мен ауруханалар қажет екенін атап өтті. Оларды салу үшін инвесторларды жұмылдыру керек деді Елбасы.
Жиынға қатысушылар да қаланың дамуы туралы пікірлерімен бөлісті. Нақты айтқанда қалалық мəслихаттың хатшысы Н.Бекназаров Шымкент бюджетінің көлемі 180 млрд теңгеге жеткенін айтса, депутат Т.Сұлтанова мегаполистегі медицинаның дамуы туралы, жас кəсіпкер Аят Азимов стартаптарды қолдау қажеттігін жеткізді.
Ал Шымкенттің əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Мемлекет басшысына Қала күні мерекесі ретінде 19 маусым күнін ресми бекітуді ұсынды. Айта кетейік, дəл сол күні Елбасы Шымкентке республикалық қала мəртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Жиын қорытындысында Президент Шымкент қаласының дамуына тілектестік білдірді.
shymkent.gov.kz