Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты: Бұл мәселе барлық өңірлерде өзекті болып тұр
Абай облысында халықпен кездесулер өткізгенде кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жиі көтерілді. Бұл мәселе барлық өңірлерде өзекті болып тұр.
Абай облысында 19373 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішінде, Семей қаласында 14 000 адам. Семей қаласында азаматтарды қабылдағанда көптеген азаматтар тұрғын үй мәселесін көтерді. Жалғызбасты, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар келді. Көп жылдар кезекте тұрған азаматтар бар. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың жағдайы қиын, тұрақты тұратын үйлері жоқ. Алған кредиттері бар, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі жоқ, алғашқы жарнаны төлей алмайды.
Жалпы, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді жақсарту бағытында Парламент Мәжілісі тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп, жергілікті атқарушы органдарға дайын тұрғын үйлерді сатып алу құзыреті берілді. Қаражат бөлінсе, кезекте тұрған адамдарға үй алу мүмкіндігі артады. Сондай-ақ «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға сәйкес мемлекетке қайтарылған қаражат әлеуметтік жобаларға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге де жұмсалуы қажет.
BAQ.KZ