Ө.ШӨКЕЕВ: БОСАҢСУҒА БОЛМАЙДЫ
Түркістан облысында коронавирус жұқтырғандар саны 15 мың адамнан асты. Соңғы 7 күнде 190 адамның ауруға шалдыққаны анықталды. Қазіргі таңда өңірде 400-ге жуық адам коронавирустық инфекциясымен емделуде. Бүгін облыс әкімдігіндегі аппараттық жиналыста Түркістан облысының санитарлық эпидемиологиялық жағдайы туралы баяндалды.
Өңірде жалпы 1 миллионнан астам адам ПТР тесттен өткен. Бүгінгі таңға инфекциялық төсек-орындар санының жүктемесі 37,2%-ға, карантиндік төсек-орынның жүктемесі – 2,6%-ға, жансақтау төсек-орындар санының жүктемесі 33% -ға қысқартылды. Түркістан облысы КВИ аурушаңдығының көрсеткіші бойынша ҚР бойынша жасыл аймақта орналасқан. Күнделікті тіркеліп отырған науқастар бойынша Түркістан облысы республикада төмен көрсеткіште. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев соған қарамастан сақтық шараларын сақтап, босаңсуға болмайтынын айтты. Әсіресе білім ошақтарында карантиндік талаптарды қатаң сақтауды ескертті.
«Босаңсуға болмайды. Қазір өздеріңіз білесіздер, Ресейде бұл ауру өcіп жатыр. Шекаралас аумақтар арқылы бізге де жететіні түсінікті жағдай. Осыған дейінгі жағдайлар қайталанбас үшін дайындалу керек. Вирусқа қарсы күрес шаралары қатаң сақталуы тиіс. Сосын мектептере өте қатаң қадағалау орнату керек», — деді облыс әкімі.
Коронавирусқа қарсы вакцинация қарқыны бойынша Түркістан облысы еліміз бойынша алыңғы қатарда. Ақпан айынан бастап вакцинацияның 974 435 дозасы жеткізілді. Жалпы 150 егу пунктінде І компонентпен – 962 838 адам (1 кезен бойынша вакцинациялау қамту пайызы – 92,0%), ІІ компонентпен – 863 661 адам (2 кезен бойынша вакцинациялау қамту пайызы — 82,5%).