Ө.ШӨКЕЕВ: «ШАРДАРАНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҚСАРТУДЫ ТАПСЫРАМЫН»
Түркістан облысы, Шардара ауданында 10 мыңнан астам адам шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Олар былтыр 33 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен есептік жиында Шардара ауданында өткен жылы атқарылған жұмыстар талқыланды.
Аудан әкімінің Қайрат Жолдыбай ұсынған мәліметке сүйенсек, айтуынша, былтыр кәсіпкерлер мен шаруаларды қолдау мақсатында несие ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы 289 жоба қаржыландырылған. «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» шеңберінде 70 адамды жұмыспен қамтитын 2 жоба іске асырылған. Атап айтсақ, «Vita» ЖШС-нің балық өсіру кешені ұлғайтылып, жылына 435 тонна балық өсіру, өңдеу, экспорттауға мүмкіндік алған. «Ырыс» АӨК-нің күріш өңдеу және жем шығару цехының құрылысы аяқталып, 20 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Биыл 112 адамды жұмыспен қамтитын 4 жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде қауынқақ дайындау цехы, сүт өңдеу цехы және балық шаруашылығына қатысты 2 жоба іске қосылады.
– Жалпы атқарылған жұмыс, жақсы көрсеткіштер бар. Дегенмен тұрғындарды жұмыспен қамту, жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмысты күшейту қажет. Екіншіден, шаруаларға берілетін ағын су бағасын реттеу де өзекті мәселе. Батыл әрекет етіп, нақты шешімдер қабылдау керек. Шардара қаласын кәріз жүйесімен қамту ісін жеделтетуді, газ, ауыз су, жалпы инфрақұрылымын жақсартуды тапсырамын, – деген Өмірзақ Шөкеев әлеуеті зор екенін айтты.
Шардара ауданында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 45772,7 млн. теңгені құраған. Өткен жылы диқандар 59300 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, мол өнім алған. Облыс әкімінің бір жерден 2 өнім алу жөніндегі тапсырмасымен диқандар 1-ші егіс бойынша 828,9 га жерге бидай, арпа, бақша, картоп, көкөніс егіп, одан 4035 тонна өнім алған. Жаз айларындағы 2-ші егілген егіс бойынша маш, сүрлемдік жүгері, көкөніс және бақша өнімдерінен 8755 тонна өнім алынған. Төрт түлік малдың барлығында өсім бар. 7 мың тоннаға жуық ет, 20 мың тоннадай сүт өндірілді. Осы және инфрақұрылымға қатысты деректерге тоқталған аудан әкіміне өңір басшысы бірқатар тапсырма берді.