ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҮНДЕУІ

Құрметті облыс тұрғындары!

Баршаңызды, табиғат ананың жаңа кейіпке енетін мезгілі, жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын!

Бұл мейрам – жаңару мен жаңғырудың символы ретінде ерекшеленеді. Адамзат баласының салауатты өмір сүріп, қалыпты жағдайда күн кешуіне табиғаттың түрленуі, алар тынысының тазалығы аса маңызды.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын», деп бабаларымыз бізге табиғатқа қамқорлық танытып, ағаш егудің астарында болашағыңа жасалған жақсылықтың бар екенін аманаттап кеткендей.

Қазіргідей технология мен жаһанданудың жаңа дәуірі басталған заманда қоршаған ортамызды жасыл желекке айналдыру кезек күттірмес мәселе болып тұр.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 14 наурыздағы №413 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар» жоспарында    2021-2025 жылдары аралығында 2,0 млрд. әртүрлі ағаш түрлерін  егу жұмыстарын қолға алу тапсырылған болатын.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 28 ақпандағы №86 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарында берілген тапсырмалары мен Наурыз мейрамын тойлау қарсаңына орай әзірленген концепцияға сәйкес «Мекенім – жасыл орманым» атты жалпыұлттық ағаш отырғызу күні мен «Бірге таза Қазақстан» атты облысымыздағы жалпы тұрғындардың қатысуымен 19-21 наурыз аралығында сенбіліктер өткізу жоспарланып отыр.

Бұл – көктемді ерте қарсы алатын, ауа-райының жылылығы басым біздің өңірімізде атқарылуы аса маңызды іс деп ойлаймын.

Осыған байланысты аталған шараларға аудан, қала аумағындағы жалпы тұрғындар, оқушылар, волонтерлер, қоғамдық бірлестіктер, жеке кәсіпорындар, барлық бюджеттік мекеме қызметкерлерін толықтай қатысуға шақырамын!

Бұл- өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз әрі әрбіріміздің күнделікті өмір салтымызды жақсартудың таптырмас жолы деп білемін.

Барлығымыз жұдырықтай жұмылып, табиғатқа қамқорлық таныту арқылы өңірімізді жасыл желекке айналдыру жұмыстарына бірге атсалысайық!

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.