ОБЛЫС АУМАҒЫН ҚАМТЫҒАН «ПАРАСАТТЫ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Парасатты отбасы» байқауы өтті.
Тал бесіктен төгілген тұнық тәрбие мен парасатты шаңырақтың берік діңгегін қалыптастыруды көздейтін айтулы шараға облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Нұржахан Абуова, облыстық ата-аналар мен педагогтар комитеті қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрсынкүл Мелдешова, облыстық әдістемелік орталығының тәрбие әдіскері Рапия Басқараева және облысқа қарасты Арыс қаласы мен Созақ, Шардара, Қазығұрт, Бәйдібек, Түлкібас, Мақтаарал, Отырар, Ордабасы аудандарынан оқ бойы оза шапқан отбасы мүшелері қатысты.
Туған жерлерінің үкілі үмітін арқалап келген үздік отбасылар байқаудың 2-деңгейі бойынша «Парасаттылық отбасынан басталады», «Парасаттылық асыл қасиет», «Отбасы туралы сөз» кезеңдері бойынша бақ сынап, ұлттық тәрбиемен өрілген өнерлері мен бейнероликтерін ортаға салды.
Бірнеше сағатқа созылған бәсі биік байқаудың нәтижесінде жүлделі І орын Арыс қаласының Мамутовтар отбасына, ІІ орын Бәйдібек ауданының тұрғындары Тәжібаевтар отбасына және ІІІ орын Шардара ауданынан арнайы келген Исмайловтар отбасына бұйырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға негізделген байқауда жүлделі орыннан көрінген үлгілі отбасыларға арнайы грамоталар мен сыйлықтар тарту етілді.
Бұдан бөлек, байқауда топ жарған отбасылар «9 желтоқсан – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет күні» мерекесіне орай, Департамент пен «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тарапынан марапатталады.
Департаменттің бастамасымен жыл сайын облыс аумағында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Парасатты отбасы» байқауы келесі жылы да өз жалғасын табатын болады.