ОБЛЫС БАСШЫСЫ ТҮРКІСТАНДЫ АБАТТАНДЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ САРАЛАДЫ
Түркістан облысының орталығын жасыл желекке орап, экологиялық жағдайды жақсарту бүгінде басты жоспарлардың біріне айналған. Ал дамыған елдердің басты айқындаушысы – тазалығы пен қоғамдық тәртіптің тұрақтылығы. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұртшылықты, осы салаға жауапты өкілдерді тазалық сақтауға шақырды. Түркістанда қарқынды жүргізіліп жатқан абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тексерді.
Түркістанның келісті келбетін сақтау үшін облыс орталығының негізгі көшелерінде санитарлық тазалық жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Сала мамандары тыным таппай жұмыс істейді. Бұл іске жауапты мекеменің 200-ге жуық қызметкері мен 40 техникасы жұмылдырылған. Олар 80-нен астам көшені механикалық және қолмен тазалайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жауапты тұлғалар тарапынан тұрақты қадағалауға алынған.
Жалпы Түркістан қаласында көшелер мен демалыс орындарын көбейту, көгалдандыру бағытында тынымсыз жұмыс атқарылып келеді. Шаһар 32 сектор бойынша абаттандырылуда. Бүгінде аудан, қала және басқарма басшыларының бақылауымен қала аумағында 250 мың ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылды. Оның ішінде тұт ағашы, писсар өрігі, терек, арша, линден ағашы, қарағай, катальпа, талшын ағаштары бар. Сондай-ақ 1 млн шаршы метр газон төселіп, 300 мың шақырым суару жүйесі орнатылды. Қала бойынша 100-ден астам ұңғыма қазылып, аллеялар мен скверлер қолданысқа берілді. Одан бөлек «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша 13,5 мың га аумаққа 21 млн. астам түп ағаш егілді.