ОБЛЫСТЫҚ ЧЕМПИОНАТТА МАҚТААРАЛ АУДАНЫ ЧЕМПИОН БОЛДЫ
Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқарамасының және облыстық баскетбол федерациясы президентінің бекітуімен, Мақтаарал ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі және «Мырзакент спорт клубы» КММ-нің ұйымдастыруымен Мырзакент кентінде бастау алған баскетболдан Түркістан облысының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Жарыстың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова мен облыстық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ахан Есалиевтер спортшыларға деген ізгі тілектерін арнап, жарысты ресми түрде ашып берген болатын. Ал, жарыстың жабылуында сөз сөйлеген ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандарбек Татеев 5 күн бойы өте тартысты ойын өткенін атап өтіп, жарысқа қатысушыларға алғысын білдірді.
2007-2008 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасындағы 9-13 ақпан аралығында тартысты өткен байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша чемпионаттың ІІІ орны Созақ ауданының командасына бұйырса, ІІ орынға Төле би ауданының құрамасы табан тіреді. Ал, І орынды иеленген Мақтаарал ауданының себетдоп шеберлері чемпион атанды.
Жарыс соңында жеңімпаз атанған командалар мен «Үздік ойыншы» номинациялары бойынша анықталған жекелеген ойыншылар медальдармен, дипломдармен және заттай бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, чемпион атанған Мақтаарал құрамасының жаттықтырушылары — Медет және Нұрлан Катешовтар.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі