ОБЛЫСТЫҚ ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНДА ӨТКЕН МӘЖІЛІСТЕ ҚЫСҚЫ-КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУМӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2023 жылдың 16 ақпанында «AMANAT» партиясы Партиялық бақылау комитетінің ұйымдастыруымен өңірлермен бейне-конференция байланысы арқылы мәжіліс өтті.

Мәжілісте «Республика көлеміндегі ГЭС, су қоймалары, бөгеттер т.б. гидротехникалық нысандарға қатысты қысқы-көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар және орын алған өзекті мәселелердің шешу жолдарын талқылау мәселесі қаралды.

Мәжіліске Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев және осы салаға қатысты құзырлы мекемелер басшылары қатысып, осы бағытта атқарылған жұмыстар бойынша айтып өтті.

Жалпы, Түркістан облысында 2022-2023 жылдарға бекітілген су тасқынының алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Онда облыс аумағындағы жалпы ұзындығы 915 шақырымды құрайтын каналдар мен арықтарды механикалық тазарту жұмыстары жүргізілген. Оғанқоса, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар бойындағы 11 531 көпір мен дубляждарда тазалық жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, 276 метр қорғаныс дамбалары бой түзеп, 509 метр қорғаныс бөгеттерінің іргесі қаланды. Сақтық шараларына сақадай сай тұру үшін 153 мыңқап пен 2827 тонна инертті материал, 311 техника және 445 тонна жанар-жағармай қоры әзірленген.

Қазіргі таңда облыс аумағында су басу қаупі бар аймақтар анықталып, арнайы штаб құрылған. Басты мақсат —  төтенше жағдайлардың алдын алу.

Жиын барысында көршілес Қырғызстан мен Тәжікстан аумағында орналасқан су қоймаларының электр қуатын өндіру режиміне көшірілуіне байланысты орын алған өзгерістердің оңтүстік өлкесіне әсері де кеңінен талқыланып, Сырдария өзенінің бойымен ағып жатқан су көлемінің артып келе жатқаны баяндалды.

Бүгінгі таңда Шардара су қоймасы 92 %, яғни 4 миллиард 770 миллион м3 толған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда су 800 миллион м3-ге көп.

Айта кетейік, 2022 жылы өңірде төтенше жағдайлардың алдын алуға 461,8 млн. Теңге бөлініп, тасқын суларды қауіпсіз өткізу үшін инженерлік-техникалық жұмыстар жүргізілген болатын. Ағымдағы жылдың ақпан айының басында табиғаттың тосын мінезінің салдарынан Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарының тау бөктерінде және Арыс, Кентау қалаларында су тасқыны орын алды. Дер кезінде жүргізілген шаралардың нәтижесінде қайғылы оқиға орын алған жоқ. Жалпы саны 18 елдімекенде 15 көше, 5 жеке тұрғын үй және 1200 ауланы су басты. Бүгінде тасқын зардаптары жойылып, келтірілген шығын көлемі есептелуде.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.