Облыстың прокурорына газет шынымен сені ме?
Жуырда «Қазақстан жолы» газетінде Жылысу ауылы тұрғындары ағын суға таласумен бірнеше айдан бері сарсаңға түскені ашық жазылыпты. Мақалада «арты диірмен тартатын» ауыл байшыкештерінің қарапайым халыққа көрсеткен зәбірі, жағаңды ұстататын заңбұзушылықтар жіпке тізгендей беріліпті. Газеттегі мақала «Облыста тірлік әкімге, заң прокурорға ғана керек сияқты» деп қорытындыланыпты. Сонда газет редакторының облыс прокуроры И.Имановқа шынымен сенгені ме?
Мақала облыс әкімі мен облыс прокурорының назарына беріліпті.Мақтааралда қаншама мың халықтың 7 айдан бері заңбұзушылықты тоқтатуға қолын жеткізе алмайды.Сонда газеттің тірлігі де әшейін «дежурный» сөз бе? Газет сенген облыс прокурорына біз қалай сенеміз? Осы заңсыздық туралы арыз жазғанымызға бірнеше айдың жүзі болса да, бір нәтиже шығарлық сыбыс шықпайды.
Әділдік іздеп аудан прокуратурасына барсақ, олар арызымызды аудандық ІІБ-ге жібергенін айтады. ІІБ-ге барсақ, түрлі сылтау айтып күмілжиді. Ал жауап жоқ. Жауап беретін ниеті сезілмейді. Жылысудың суының бүлігін заңбұзушылықпен қолына жинап алмақшы болған «байлардан» тайсақтайтын сияқты. ІІБ түгілі,прокуратураның өзі тайсақтайтын сияқты «біреулерден» .
Біздің ауданда осы заңбұзушылықты тоқтатайық деген бір орган, бір адам табылмай отыр. Газетті оқыған көпшілік аудандағы сорақылыққа күңіреніп кетті. Бірақ билік органының бір адам саусағын саусағына тигізген жоқ. Судың басы, каналдың жағасында әлі қым-қиғаш ұрыс- керіспен күн кешуде.
Сонда заңбұзушылықты облыс прокуроры тоқтатты деген күлкілі емес пе? Газет әлде облыс прокуроры И.Имановтың «Облыстың Құрметті азаматы» екенін арқа тұтқаны ма? Егер И.Иманов бастамаса, облыстың бір құрметті азаматының қарапайым халықтың «Жанайғайына» үн қатқанын әлі есіткен де, көрген де жоқпыз ғой.
И.Имановтың да еліміздің Бас прокуроры А.Жақыпов сияқты қарапайым халықтың сөзін сөйлеп қалатынын білеміз. Тәртіп сақтау үшін ерігіп жүретін полицейлерді әдемілеп қысқанынан да хабардармыз.
Бірақ, Мақтааралға келгенде облыс прокурорының өзінің де тісі батпайма деген ой бізді қатты алаңдатады.
Қазір диқандар үшін егістікке су салудың бір күні емес, бір сағаттың өзі алтынға пара-пар. Бала-шағаның аузындағы наны. Сондықтан облыстық прокуратура тарапынан бір қозғау болып қала ма деп, үміт үзгіміз келмейтіні тағы бар.Қайдам, 7 айда ретке келмеген заңбұзушылық тағы 7-8 ай бұзылмай тұрса, сөйтіп су дауының соңы «шымкентшелеп» шешіліп кетуі де ғажап емес.
Әділ,
Жылысу ауылы