Оқапов Димаш жайлы пікірі үшін кешірім сұрады
QAZYGURT.KZ: Әнші ашуға булыққан Димаштың табынушыларынан кешірім сұрауды жөн көрген.
Оқапов өнердегі інісін сынға алмақ ойы болмағанын алға тартып, тек оған болашаққа кеңесін бергісі келгенін айтты.
«Біріншіден, кімде-кімді ренжітіп алған болсам кешірім сұраймын. Менің Димаш пен оның жанкүйерлеріне қатысты жаман пиғылым болған жоқ. Мен онымен он жылдай таныспын, тіпті оны бүгінгідей танымалдылыққа жетпей тұрған шағынан бастап білемін. Әрине, ол тамаша вокалист және тума талант. Ол әрдайым сондай болған. Оны күллі әлем біледі, растайды. Ол аса ерекше. Оның күші де осы ерекшелігінде.
Талқыға түскен сұхбатымда мен оның келесі жеңісі әлемдік хит болса екен деген ойымды жеткізбек болғанмын. Жаңа ән. Мәселен, «Евровидение» болса. Нағыз әндер байқауы. Себебі оны вокалист әрі әртіс ретінде бәрі мойындады. Енді көпшілік оның келесі қадамын күтуде. Соған орай, мен оның әлемді енді даусымен ғана емес, хит әнімен де таңдай қақтырса екен дегенмін.
Қайталап айтамын, біреуді ренжітіп алсам кешіріңіздер. Менің жаман ойым болған жоқ. Біз бен сіз ақпаратты бұрмалап тастаған журналистердің құрбаны болып отырмыз. «Оқапов Димашты сынға алды» — бұл жалған. Бұл тек қана болашаққа, алдағы жоспарларына деген тілек болды. Әрине, біз әрқайсымыз Димашқа әрқашан жеңіс тілейміз» , — деп ағынан жарылды Рымбаеваның ұлы.
Оған қоса, Әли Димаштың The World`s Best жобасынан кету туралы шешіміне қатысты пікір білдірді.
«Бүгін шоуда күтпеген оқиға орын алды. Мен оның жеңісіне сенген едім. Шын айтса, музыка жас талғамайды. Музыкада бәрі тең. Алайда, ол өзін музыкант емес, адами тұрғыда көрсетті. Ол оның таңдауы. Келесі нысанасы «евровидение» болады деп үміттенеміз» , — деді Оқапов.
Жазбасының соңында әнші керағар пікірлер өзіне ғана емес, анасынада бағытталып жатқанын айтты. Соған байланысты, ол желідегілерден отбасына тіл тигізбеуін өтінді.
«Мен пікірімді дұрыс жеткізбегенім үшін және араңдатушылық түрінде қойылған арнайы сұрақтың жетегінде кеткенім үшін тағы да кешірім сұраймын. Сіздер түсіністік танытып, маған, анама және отбасыма керағар пікірлер жазуды қоясыздар деген ойдамын. Бұл менің қатем, оны мойындаймын. Қателеспейтін адам жоқ» , — деп қайырды әнші.
Айта кетейік, бұған дейін Әли Оқапов өз сұхбаты кезінде Димаштың хит әні жоқ екенін айтқан болатын. Оның бұл мәлімдемесі Димаштың табынушыларына ұнамай қалған. Олар бірден Оқаповтың парақшасын жаулап, өз керағар пікірлерін жаудырған. Тыңдармандар Роза Рымбаеваның ұлын көреалмаушылық танытты деп сөкті.
АҚПАРАТ көзі: kaz.nur.kz