ОҚО әкімі Қытай делегациясымен кездесті
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Қытай Халық Республикасы «Шэньси ауыл шаруашылығы экономикалық бірлестігі» компаниясының Президенті Фанг Ши Джинг бастап келген делегациясымен кездесті. Басқосуда тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту және өңірімізде өндірілген ауыл шаруашылық өнімдерін Қытайға экспорттау мәселесін талқылады.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуетімен таныстыра келе, облыстың дайын өнімді экспорттауға деген мүмкіндігі мол екенін айтты.
Өз кезегінде қонақтар жыл өткен сайын Қытайда ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, бір ғана Шэньси облысы былтыр 7 млн. тонна ас майын, 8 млн, тонна сиыр етін, 5 млн. тонна қой етін тұтынған. Қытайлықтар сұранысқа байланысты бұл көрсеткішті 10 пайызға дейін арттыруды көздейді. Сондай-ақ, делегаттар бүгінгі күні елімізде өндірілген азық-түліктің 10-нан астам түрі Қытай нарығына шығып жатқанын айта келе, тағы қосымша ұн, ет, май өнімдерін алуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Қонақтардың ұсыныстарын тыңдап шыққан облыс әкімі сала басшыларына көрші елдің экспорттық сұранысын бағытталған жұмыстарды жүйелендіруді тапсырды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі