ОҚО-да ауылдық округтердің дербес бюджеті талқыланған республикалық форум өтті
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» тақырыбында республикалық форум өз жұмысын бастады.
Форум жұмысына облыс әкімі Ж.Түймебаев, Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, БҰҰДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел мен сарапшылар және саясаткерлер, Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауыл әкімдері жалпы саны 400-ден астам адам қатысуда.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырған болатын.
Еліміздегі ауыл әкімдерінің басын қосқан жиынның ашылуында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев осындай ауқымды форумды ұйымдастырған Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері мен Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтты.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2018 жылдан бастап дербес бюджет 2 000 адамнан тұратын 175 әкімшілік бірлікте, 2020 жылдан бастап қалған алтауына енгізілетін (барлығы 181) болады.
Жиында сөз алған ҚР Ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұлов жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін енгізгеннен кейін жергілікті тұрғындар қаржының жұмсалуын қадағалай алатынын атап өтті.
«Заңда тұрғындардың бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жергілікті қоғамдастықтың жиналысына қатысушылардан тұратын комиссия арқылы ауылдық округтің бюджетінің орындалуы мониторингін жүргізу жолымен бақылау тетігі көзделіп отыр.
Осылайша жергілікті қоғамдастықтың мүддесін есепке алу арқылы бюджетті жоспарлауға және бақылауға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылды», — деді Жұмағұлов.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі «Зерде» оқу орталығымен бірлесіп, ауылдық округ әкімдерімен арнайы оқу курсын ұйымдастырды. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру тобы аудандарға барып дербес бюджетті және коммуналдық меншікті енгізу мәселелері бойынша семинарлар өткізді. Ал облыстық мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығының базасында екі мың адамнан астам ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ экономика және қаржы бөлімдерінің қызметкерлері оқытылған.