ОҚО-ДА ТАСҚЫН СУДАН ҚАУІП ЖОҚ

Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан қауіп және тұрақты бақылауда. Бүгінгі таңда аудан, қалаларда тасқынға қарсы штабтар құрылып, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылуда. Облыс аумағындағы барлық су қоймалары мен өзен көлдерге күнделікті мониторинг жүргізілуде. Бүгін бұл туралы селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі су қоймаларының орташа толуы 35-60 пайызды құрайды. Қаңтар айының соңында ауа-райының қатты суық болуының салдарынан Сырдария өзенінде мұз қатқан. Қазіргі таңда мұз еріп, өзен бойында орналасқан аудандарда жағдай бақылауға алынған. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан «Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» жол картасына 98 инженерлік шаралар енгізілген.

2018 жылға жоспарланған тасқынға қарсы 39 іс-шараға жалпы 2,6 млрд. теңге қаралып, бүгінгі таңға сметалық құжаттар толық дайындалған. Облыстық бюджеттен 18,5 млн. теңге бөлініп, жаңадан салынатын су қоймалардың орындарына зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде су жинақтау көлемі 378,64 млн. текше метрді құрайтын 26 су қоймасын салу қарастырылуда.

Республикалық бюджеттен су жинақтау көлемі 340,5 текше метрлік 3 нысанның құрылысы жүргізіледі. Нәтижесінде жаңадан 9000 гектар суармалы жер айналымға қосылатын болады. 23 нысан облыстық бюджет есебінен салынып, жаңадан 8440 гектар суармалы егістік қолданысқа енгізілмек.

Сырдария өзені бойында орналасқан Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5,2 млрд текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда мұнда секундына мың текше метр су келіп, жиналған су көлемі 3 млрд. 185 мың текше метрге жеткен. Су қоймаға жиналған су көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млрд. 036 млн текше метрге аз. Сондай-ақ, қазіргі таңда Көксарай су қоймасында 1 млрд. 739 мың текше метр су жиналды.

Өңірде қар мен жауын-шашынның 40-50 пайызға аз түсуіне байланысты тасқыннан айтарлықтай қауіп күтілмейді.

                                                                                                                                 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.