ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: ХАЛЫҚ АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛУІ ТИІС
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығын орталықтандырылған ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстарын бақылап, жаңадан салынып жатқан магистралдың сапасын тексерді. Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тұрғындарды толық таза сумен қамтамасыз етуді тапсырды. 171 919 халық тұратын Түркістан қаласында орталықтандырылған ауыз су жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстары 98,9% — ға орындалған. Тіршілік нәрі Біресек-Хантағы және Мырғалымсай су көздерінен магистралды су құбыры арқылы тасымалданады.
Суаққының жалпы қуаттылығы – 40 мың м3/тәулік, ұзындығы – 37,2 шақырым.
Түркістан қаласы облыс орталығы болуына орай, құрылысы жаңадан салынып жатқан әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталығындағы нысандарды үздіксіз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, Түркістан облысы әкімдігі мен тиісті министрліктермен бірлесе Жол картасы әзірленді. Жоба бойынша қашықтығы 45,9 шақырым магистралды суаққының құрылысын салу жоспарланған. Қазіргі таңда, мердігер мекеме тарапынан 15,1 шқ. суаққының құрылысы аяқталды.
Сондай-ақ, Кентау қаласынан Түркістан қаласының резервуарына дейін магистралдық су тарқыш салу жобасы іске асуда. Облыс бюджетінен жүзеге асқан жоба бойынша сыйымдылығы 2х10000 м3 топтамасы мен Оранғай, Біресек, Мырғалымсай сыртқы су жүйелерінің құрылысы, 5 дана су ұңғымасын қазу жұмыстары қаралған. Жұмыс кестеге сәйкес жүруде.