ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ӨҢІРЛІК КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

«Жеңілдетілген қаржыландыру шеңберінде Түркістан облысында 48 млрд теңге жұмсалған. Пандемия кезінде 500-ден астам кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілді»,-деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жаңартылған құрамымен алғашқы кездесуі кезінде. Жергілікті жас кәсіпкерлер көрмесіне қатысқан өңір басшысы жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

 

«Бүгінде бизнестің де бағыттары жаңаруда. Соған сәйкес өзгертулер орын алу керек. Әсіресе озық та қабілетті жастар өсіру керек. Жастарға бизнеспен айналысудың жолын көрсеткен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде көптеген бизнес – жобалар сәтті жүзеге асуда. Біз Түркістан өңірінде заманауи жаңа идеяларды, туризм, өндіріс салаларын жаңғыртатын жаңа жобаларды тартамыз, қолдаймыз»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

 

Айта кетейік, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияға қарамастан оң көрсеткішке ие. Бұл өсімде ҰКП «Бастау» жобасы түлектерінің де үлесі аз емес. Бастаулықтар жобаларының арнайы көрмесімен облыс әкімін Палата директоры Тимур Нақыпбеков таныстырып, жұмыс нәтижелеріне тоқталып өтті.

 

«Елдегі шектеу шараларына қарамастан Палата мамандары кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтерді тоқтатқан емес. Бұрын қызметтер офлайн көрсетілсе, жағдайды ескере келе онлайн қызметтерге де басымдық берілді. Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері 11 айда  кәсіпкерлік субъектілеріне 13 711 кеңес берген. Бұдан бөлек, «Бастау» жобасы аясында 3676 түлек оқудан өтіп, оның 1 500-інің жобалары 11 60,2 млн.тг. қаржыландырылған», -деп атап өтті Палата басшысы.

 

Отырыста Өңірлік кеңес мүшелері облыс басшысын өнеркәсіптік парктер құру жөніндегі жобаларымен таныстырды. Білім беру саласындағы жаңаша бетбұрыстар,  бірегей өндіріс, инновациялық технологиялардың түрлерін дамыту және Түркістан облысында Ұлттық такси қызметін құру бойынша ерекше жобалар облыс әкімі таратыпан қолдауға ие болды.

 

Кәсіпкерлердің айтуынша, сенімді басқару білім беру мекемесі мен өндіріс арасындағы қолайлы көпір болып табылады, бұл студенттерді ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігімен таныстыруға  мүмкіндік бермек. Өңір басшысы әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге олардың жаңа жобаларын жүзеге асыруда тиісті қолдау шаралары көрсетілетінін баса айтты.

 

Өңірлік кеңес мүшелері Өмірзақ Естайұлына тоқсан сайын  «галстуксіз» кездесулер өткізіп отыруды ұсынды. Бірнеше сағатқа созылған бейресми жағдайда өткен кездесу нәтижелі болып, әкімдік, өңірлік кеңес және кәсіпкерлер палатасы арасындағы табысты тандем болды.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.