ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ ШЕТЕЛДІК ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БЕЛГІЛІ ЗАҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Сотқа дейінгі іс жүргізу: шындығы және жетілдіру жолдары» атты халықаралық конференцияға қатысқан шетелдік және қазақстандық белгілі заңгерлер мен құқық қорғаушылар және қоғам белсенділермен кездесті. Халықаралық жиынға Түркия, Ресей, Өзбекстан елдерінен арнайы келген ғылым, заң, сот саласының өкілдері мен еліміздегі Жоғары Соттың, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері конференция барысында заң аясында диалогтық алаң құрып, үздік тәжірибелерімен ой бөлісті.

Аймақ басшысының қабылдауында болған қонақтар аталған жиынның маңыздылығын атап өтіп, облыс басшысына алғыстарын жеткізді. Алғы сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар өңірде жүріп жатқан жемқорлықпен күрес жұмыстарының жүйелі де нәтижелі екенін атап өтті. Түркістан облысында шығарылатын өнімдерде «Сыбайлас жемқорлықтан таза аймақ» атты мөр басылатыны жайлы бастаманың өзектілігін ерекше ескерді. Өз кезегінде, облыс басшысы жиынға қатысқан қонақтарға алғысын білдірді.

«Мұндай ауқымды жиынның өңірімізде осымен екінші рет өтіп жатқаны қуантады. Жемқорлық, рас, жаһанға жайылған індет. Әйткенмен, Түркістан секілді киелі өңір бұл індеттен ең таза аймақ болуы тиіс. Осы жолда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жеткілікті. Ары таза адам өзіне қара күйенің жағылуына жол бермейді», — деді облыс әкімі кездесу барысында. 

Отырыста елімізде адвокат пен тергеуші мәртебесін көтеру, жемқорлыққа қатысты халықтың құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді секілді көптеген маңызды мәселелер көтерілді. Сотқа дейінгі іс жүргізудегі және құқық қолданудағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, халықаралық тәжірибелерді зерттеу,  тиімді тәсілдерді әзірлеу жөнінде пікір алмасты.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.