ӨНЕГЕЛІ ІСТІҢ ӨРНЕГІН КӨРСЕТКЕН ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Осы бір сөздің айтылар сәті, еске алар мезеті туып тұр. Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын қаламыздағы Қайнарбұлақ саяжайы тұрғынының үй өртеніп, далада қалғанын жазған болатынбыз. Тілсіз жау газ құрылғысындағы ақаудан шыққан. Артынша AMANAT партиясы фракциясының мүшелері, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Айжан Наимбекова мен Талғат Балтабаев сол жерге бірге барып, оқиғаның жай-жапсарымен танысып, жапа шеккен отбасыға жеке демеушілік есебінен 200 мың теңге қаржылай қолдау көрсеткен еді. Барар жер, түнер орын таппай отырған жас отбасы алғысын да білдірген.
AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Айжан Наимбекова өзі басшылық ететін «GraMad» сауда желісінің қызметкерлеріне зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек беру туралы ұсынысын тастаған болатын. Мекеме мамандары бұл бастаманы іліп әкетіп, қолдарынан келгенше қаржы жинады.
Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз қарсаңында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Наймбекова Айжан Ізбасханқызы «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» және «Бақытты отбасы” жобалар аясында жиналған 300 мың теңгені алып, үйі өртенген отбасыға табыстады. Тұрғындар Айжан Ісбасханқызына арнайы алғысын білдіріп, мәселеге бей-жай қарамағаны үшін риза екендерін жеткізді. Өз кезегінде, мәслихат депутаты мұндай оқыс оқиғаның қайталанбауын тілеп, қаламыздың әр тұрғынының мәселесіне қолдан келгенше көмектесу парызы санайтынын айтты. Игі істің жаршысы болған депутат Айжан Наимбековаға алдағы істеріне сәттілік тілеп, көптің игілігі жолында атқарып жатқан ауқымды бастамаларына сәттілік тілейміз!