«Өнегелі қарты жоқ елдің өнерлі жасы да жоқ»
А.Әбілғазыұлы, журналист:
Атасымен ілесіп жүріп, ақсақалдардың әңгімесін аузы ашылып тыңдаған, әжесінің тізесінде отырып, аңыз-ертегілерді құлаққа құйған, үлкендердің жүріс-тұрыс, бітім-болмысына еліктеп өскен өркен көркем болып ержетер еді. Өйткені жауапкершілігі жоғары, намысы нар, «Өнегелі қарты жоқ елдің өнерлі жасы да жоқ» екенін жақсы білген қариялар немерелеріне нан табуды ғана емес, әуелі ар табуды, құлқынның құлы емес, Құдайдың құлы, халықтың ұлы болуды үйретуші еді.
Қазір көгілдір экранның алдында көсіліп жатып, көбік сериалдардағы келеңсіз, ессіз, ұятсыз көріністерді келін-кепшік, бала-шағамен бірге көре беруді «демократия» деп, стакан түйістіріп, тост айтуды «мәдениет» деп, әйтеуір ақша тауып киіндіріп, ақысын беріп оқуға түсіріп, ақша
беріп сессиясын жауып, пара беріп жұмысқа тұрғызуды, сол арқылы өз күшіне, ақыл-парасатына емес, «ақша» деген пұтқа сенетін бозөкпе, бос белбеуді сомдап шығуды «әкелік қамқорлық» деп, кеңкелестеніп кеттік-ау, шамасы.
«ҚЗ»