Оңтүстік біртуар дарынын еске алды
Мемлекет басшысы Н.Ə.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, Кентау қаласы əкімдігінің ұйымдастыруымен ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығы жəне «Құрмет» ордендерінің иегері, Кентау қаласының біртуар тумасы Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған еске алу іс-шарасы өтті.
Осы орайда, Кентау қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының фойесінде Кентау қалалық музейі көрнекті театр сыншысына арналған кітап және фотокөрмесін ұйымдастырды.
Сығай Әшірбек Төребайұлының қайталанбас дара жолын дəріптейтін еске алу шарасында «Өмір жолы» атты бейнефильм мен театр сыншысының жастық шағын ұрпақ баласына насихаттауға арналған қойылым көрсетіліп, ақын-жазушылардың арнаулары оқылды.
Іс-шараға Әшірбек Сығайдың жары Күләш Дулатбекқызы және ұлы Төребай Қанат Әшірбекұлы қатысты.
Сонымен қатар, тарих тұлғасы талантын танытып, өшпес ізін еске алуға бағытталған шара соңы мәдениет сарайында Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрының Ә.Сығайдың аудармасындағы Б.Жакиевтің «Жүрейікші жүрек ауыртпай» қойылымымен жалғасын тапты.
Суретті түсірген: Азат Дидарбек.
Облыстық мəдениет басқармасының баспасөз қызметі.