Оңтүстік енді есін жияды, егер Ө.Шөкеевті жылға жеткізбей тағы да әкетіп қалмаса…
(Жалғасы. Басы газетіміздің
06.03.2019 ж. №09 санында)
Туған жерінің төріне Ө.Шөкеевтің аяқ басқанына да апталар артта қалып барады. Оңтүстіктің қалың жұрты Ө.Шөкеевтен Түркістандағы облыс орталығының құрылысы жұмысын жедел жүргізуді ғана емес, өңір тынысында жаңашылдықтың жарқын істеріне соны серпін, тың құлшыныс болатынын күтті. Өйткені, жұрт мемлекетіміздің сарабдал саясатымен үндесіп, оны өміршең етуге пәрменді бағытталған іс-қимылды жасауға тиісті шенді-шекпенділерден үміттерін үзіп, бір жақсылықты күтумен жүретін. Өздерінің көз алдында жүріп, халқына деген жанашырлықты нақты іспен көрсеткен іскерлік, біліктілік, елжандылық қасиеттерді қастерлеп, жазықсыз жапа шегуіне жол бермеген Өмірзақ Естайұлына жерлестері қалтқысыз сенетін еді.
Ел еңсесін көтеремін десең, қоғамдық ортаға пәрменді өзгеріс қашан да қажет. Кешегі «райкомның» инструкторы мен «парткомды» былай қойғанда, «ферма бастықтың» деңгейінен көріне алмайтындардың «әкімқараның» атын шоқырақтатып жүргенін көргенде өзің де қысылып, еріксіз ренжисің. Осының бәрі оншақты жылдан астам уақыттан бері «көкелердің» «шымкентшелеудің» тізгінін ұстап, халыққа қызмет көрсететін меморганға ағайын-туыс, дос-жаран, қала берді «күлшелі баланы» орналастырудан бастау алды. 12 жылдан бері мына жұрт «әй, дейтін әже, қой дейтін қожа» барын сезінбей, мемлекеттік қызметкерлер сапасының күрт төмендегенін ел ішіндегі екі адамның бірі айтатын болды.
«Бір өзгеріс, өзгеріс керек» дейді, неге жұрт?
Өңір жұртшылығы облыстың ішкі басшылық жұмысына үлкен бір өзгеріс болуын күтумен отырды десек, артық айтқандық бола қоймас. Өйткені, қазір облыстағы 16 аудан әкімінің оннан астамы өздеріне қарасты аумақтың халқын ұршықша иіріп, уақыт талабына сай тұрмыстың терісін илеуге бейімдеп, мемлекетіміздің сарабдал саясатының баяндылық табуына белсенді қатысатындай деңгейге жеткіздім деп айта ала ма?
Мемлекетіміздің халыққа көрсетіп жатқан қамқорлығы алыс-жақын көршілердің кез-келгенінен ат шаптырым алда келе жатса, біздің «әкімқаралар» сол бюджеттік қаржыға «қожайын» болуды ғана басты міндетіміз деп түсінеді. Ал, сол бюджет қаржысын жұмсай алатын да, бақылайтын да «чиновник» ауданда аз емес. Әкімдер неге аудан халқына бет бұрып, ел дамуының ортақ мақсатына үлес қосуын күшейтудің тізгінін ұстауға бара алмайды? «Әкімқараның» ел алдындағы есебі мемлекеттік бюджет қаржысын қалай жұмсалғанын сипақтатып, тізіп шығумен аяқталады. Бір ауданның, не ауылдың әкімі халық алдындағы есебінде «Пәлен» ауылда қазір 2 жерден пада шығатын болды. Айталық, «Пәленшенің» үйінде осыдан 2 жыл бұрын 4-5 қой, 1-ақ сиыры бар болатын болса, қазір 20 шақты қой, 4 қара мал жүр, бәріңіз де ұйқыдан оянсаңыздар болады ғой» деп неге айта алмайды? Себебі, әкім өзімен-өзі әуре болып, халық бір жақта қалған. Оның үстіне ауыл малының жайылатын жерінің мәселесі шешілмеген. Оның денін бай-бақуаттылар иеленіп қойған соң, әкімдер сынықтан сылтау тауып, соларға бүйрегі бұрып тұрады.
Тыныс-тіршіліктері осындай болған соң, жұртшылық жергілікті атқарушы орган басшылығында бір өзгеріс болса, биліктің де бізге қарайтын күні болады-ау деп үміттенеді де. Оның үстіне «әкімқаралардың» қарапайым халықпен бетпе-бет келуден қашатын құйтырқы әдеті тағы бар. «Әкіміміздің алдына айлап кіре алмай жүрміз» деген жүздеген жерлестерімізді кездестіруге болады. Демек, әкімнің аппараттың жұмысын дұрыс жолға қоя алмағаны. Арыз-шағым айтпайтын ел болмайды. Соның тізгінін аппарат басшысы дұрыс ұстаса, жұрттың әкімді іздеп несі бар? Соны үйлестіре алмаған әкімнің соңынан сөз ілеспегенде қайтеді?
Санақта бардың санатында жүре бере ме?
Дөңгелеген дүниенің мәнісін түсінуге өресі жетерлік жерлесіміз, Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танакөзовтың ежелгі Шаян өңірінің жұртшылығына ризашылығының белгісі ретінде аудан тізгінін тапсырса, онда оның көрегенділігі шығар дегенді Арыстанды-Қарабастың желімен таратқандай болған қарапайым шаяндыққа қалай риза болмассың?
Әкім Бақытбек Танакөзовтың табиғи болмысынан жуас, құмырсқаға қиянат қылуға бара алмайтын иманды азамат екендігіне ешкім де дау айта алмаса керек. Ақкөңіл болу керек-ақ, бірақ оны тізгін ұстаушы көшбасшының әлсіздігіне сайып, артық мақсатқа жұмылған жұдырықтай болуға кедергі болатыны барды. Әкім Шаянның шыныққан шымыр, алғыр ойлы да, нағыз елжанды жігіттерінен «команда» құра алмады. Табиғаты қатал, қойнауы жер байлығынан жұрдай, еңбекқор жандардың жоқтан бар жасауда иен далада мал өсіруді күнкөрістің көзі еткенін біліп, ел-жұртты дұрыс бағыттайтын әкім әзірше бұл ауданға бұйырмай тұр.
Бардың қадірін білмеу де өкінішті. Осы ауданның Мыңбұлақ ауылдық округі аумағынан шығатын, «Ақтас» минералды суының қадірсіз болып жатқанының өзі өзекті өртегендей. Түрлі жараларға ем болатын шипалы бұлақ суының басына көлік келіп жете алмайтын кезге дейін, яғни 9-10 айға дейін келушілер үзілмейді. Көрші өзбек пен қырғыз елін қойғанда, мұнда Ресейден атбасын бұрушылар көп. Дертіне шипа тапқан жандарға ем болатын суды адамзаттың игілігіне беріп, одан түсетін кірісті аудан игілігіне жұмсауға немқұрайлылық көрсеткен аудан басшысынан не қайыр, не үміт?
Мемлекеттік қызметте жүру өтілі жеткілікті болғанымен, жарқ еткен жарқын істерімен танылмай келе жатса да, көштен қалмай «әкімқараның» санатында жүретін Созақ ауданының әкімі С.Полатовқа Теріскейдің тізгінін ұстатуды «кездейсоқтық» деп қабылдағандар аз болмаған еді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметінен Отырар ауданы әкімі «креслосына» қонжия салған С.Полатов бұрынғы аудан әкімі Б.Сыздықов жүйелі жолға қойған жұмысты жалғастырып кетудің орнына «бүйректен сирақ шығарғандай» етіп әр тірліктің басын бір түртіп қоюды ермек етуге шыққанын ел-жұрты ұмытқан жоқ.
Ауданның эксәкімі Б.Сыздықов облыс тарихында алғаш рет 90 жасқа толған ҰОС-ның 2 ардагеріне 2 «Нива» мінгізіп, ауданнан ҰОС-ға қатысқан майдангерлердің тізімі жазылған ескерткіш тақтасын жасатқызып, игі істің өнегесін көрсетіп кетіп еді. Ал, оның орнына келген С.Полатов ауданның қақ ортасында ауқымды жерге қойылған ескерткіштің жер учаскесін «қалталыға» сатып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Дәл осыдан кейін отырарлықтар әкім С.Полатовтан түңілгендей болып кетсе, әкім де елмен етене араласып кетуге құмбыл болмай, әйтеуір жылдарды жылжытумен отырды. Одан облыстық құрлыс басқармасына келіп, ешнәрсенің есебін таба алмай жүргенде, Созаққа қарай сырғып кетудің жолын тауып, «айын оңынан туғандай» еткізіп алды. Уақыт талабымен үндесетін жұмыстардың бастамшысы болуды үйлестіре алмаса да, «орынтақты» иеленіп жүргендердің ұйқыдан оянатын уақыты келіп жеткен шығар-ау.
«… біреу жамбастап жатып қол саладының» керіндей, Түлкібас ауданындағы бұрынғы атқарылған игі істерді бүгінгі қызметінде өз қолымен жасағандай жарнамалайтын аудан әкімі Н.Тұрашбековтің әлеуметтік желі беттерін бермейтін «ойындары» ауыл-аймақтың бес жасар баласына дейін белгілі болғанына ешкім де шүбә келтіре алмаса керек.
Кешегі дана бабаларымыз ел тізгінін ұстаған перзенттеріне «арқаң қара нардай жауыр болсын» деп бата берсе, тарихи Түркібашының бүгінгі кейбір аға буыны ауданның қазіргі басшысы Н.Тұрашбековтың атына мадақ пен мақтау айтудан ұлттың «Рухани жаңғыруын» жасап жатырмыз дейтін сияқты. Тіпті, жиындарда әкімнің көзін бақырайтып қойып ода-жыр оқуды былай қойғанда, «асыранды» блогердің күшімен әлеуметтік желі беттерінде орын қалдырмай жазылған «Арнауды» оқығанда жағаңды ұстайсың. Осыдан кейін тоқмейілсіген әкімнен ел-жұрттың шынайы жанашыры шығады деп айта аламыз ба? Аудан әкімінің басты ұстанымы ел-жұртты «…тояды қарын тіленбейге» жетектеуден гөрі, БАҚ «данышпандарының» аузын алу болып қойғаны өкінішті-ақ.
Түлкібас ауданының әлеуметтік саласын дамытуды шыңына жеткізген сол жердің төл перзенті, эксәкімі Қ.Әбдуәлиевтің ерен еңбегі екендігі баршаға аян ғой. Жақсы ісімізді ешкім тартып әкетпейді. Оны көбейткен үстіне көбейте беру нағыз мемлекетшіл азаматтарымыздың парызы емес пе? Жас басшыға тән жаңашыл жарқын істердің ауыртпалығын көтерудің орнына, өзін «данышпан» етіп көрсетуге жанталасу ер жігіттің басына сын емес пе?
«Көтере алмас шоқпарды беліне байлап»…
Өркениет көшінің қиял қуып жете алмас жаңашылдығы лауазымды қызметтерде жүрген бауырларымызға ой салмағанына не дерсің? Дәл қазір әкім болу – «жарға біткен жантақты жанынан безген нар жейдінің» керіндей. Жоқтықтан емес, барды «ұқсатып» жұмсай алмағандықтан берекесізденіп барамыз. «Жабайы» демократия есерлендіріп, ессіздендіріп қойды. Сөзден пәтуа, бойдан кісілік кетті. Кешегі ел қамын ойлаған көшбасшылары мен ардақты ақсақалдарының сөзіне тоқтаған жұрт бүгінде кімге сенерін білмей сандалып қалды. Осындай кезеңде ел тізгінін ұстау екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Ал, оны ой таразысына салып жатқан азаматтарымыз саусақпен санарлықтай ғана. Тоқшылық, «көке» мен «көк қағаздың» буы тағы ұрып тұр. Содан соң қалай әкім болуға ұмтылмайсың? Соңғы жылдарда аты бар да, заты жоқ әкімдердің қаптағаны ғой, қалың жұртшылықтың «өзгеріс керек» деп шырылдап жүргені.
Елдің сенімін ақтаудың ауыр жүгін көтеруді меңгеріп қалдым деп Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек айта алар ма екен? Басқасын айтпағанда, Арыстың еңсесін тіктеуге өлшеусіз еңбегін сіңірген эксәкім, марқұм Сейіт Ертайдың жасаған игі тірлігінің оннан бірінің өзін бұл М.Қадырбек қаланы тағы 5 жыл емес, 10 жыл басқарғанында атқара ала ма? Оған арыстықтардың сенбейтіндігін ашық айта аламыз.
«Қошқар болар қозыны» қапысыз таныған қазақ, ел тізгінін тартатын жігіттің қандай болатынын танымай қалып па? Қала саябағын қарлы жаңбырдың астында ашып, қазақтың ұлттық киімінде дір-дір еткен оқушы қыздарды облыс әкімі үйлеріне қайтартқызып жіберді. Жиналған жұртшылық ду қол шапалақтап, саябақтың ашылу салтанатынан бұрын, жасөспірімдердің аман-саулығын ойлап, көрегендік көрсеткен облыс басшысына шынайы ризалықтарын білдірді. Кісі намыстанатын келеңсіздікті көрсетіп жүрген қала әкімі ел қамын ойлады дегенге кім сене қояды?
«Мата атымен бөз өтедінің» керінде ел тізгінін ұстаудың лауазымдық қызметтеріне қолын жеткізгенімен, іліп алар тірлігін көрсете алмай жүрген жерлестеріміздің бірі Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов шығар дегенді ел іші неге айтады? Күні кеше ауданды Бейбіт Сыздықов басқарғанда бұл аудандағы жарқын істер облыстың төрт бұрышында үлгі-өнеге болып айтылып жүрген еді ғой.
Аудан әкімі Е.Айтахановтың әкелген жаңалығы сол ауданға, оның бірінші басшысы өзіне қатысты БАҚ бетінде, әсіресе, әлеуметтік желіде «пиар» жасауды жандандыру болды десек қателеспейтін шығармыз. Әкімнің жүріп-тұрғаны мен бір-екі ауыз сөз айтып қалғанын аспандатып мақтап әлеуметтік желіге салып отыратын, әрі пікір жазатын кең байтақ еліміздің оқырманы емес, сол ауданда қызмет істейтін мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері екендігіне шүбәңіз болмасын. «Пиардың» басында арнайы тапсырма алғандай болып ұстаздар мен қызметкерлердің отыратындығына сенбесеңіз, оны тексерсеңіз өзіңіз-ақ сабаңызға түсесіз.
Ел тұрғындарына нарық қатынасының талабын тереңнен жеткізе алған жоқпыз. Жұмыссыздықты болдырмауды біздің «әкімқара» әлі Астананың міндеті деп, өздеріне жақындатпайды. Халықпен жұмыс істейтін әкім емес пе?
Жауапкершілік жоқ жерде екінің бірі бастық болғысы келеді. Оны қолдайтын біздің «шымкентшелеу» тағы бар. Халыққа, оның мемлекетіне қызмет көрсететін «шенді-шекпенділердің» майдаланып кету себебі осы болып тұр ғой.
Жаңғырудың алдындағы жаймашуақ
Елімізге танымал тұлға Өмірзақ Шөкеевтің киелі Түркістанның тізгінін ұстағанына айға жақындады. Облыста кадрлық өзгеріс бола қойған жоқ. Оны «Дауыл алдындағы тыныштық» дегеннен гөрі, оңтүстік өңірінде болатын тыныс-тіршіліктегі жаңғырудың жаймашуақ сәті деу көңілге қонымды сияқты.
Қалың көптің дені Елбасының сарабдал саясатын өміршең етуге атсалысып, елге шын жанашыр болатын кадрлық өзгерістің болуын күтуде. Дәл қазір «әкімқара» атаулының 75-80 пайызын босатып жібергеннің өзінде өкініп жүрген жерлестерімізді көре алар ма екенбіз? Халықтан өткен сыншы жоқ. Бәрін өз көздерімен көріп біліп отыр. Кадрлық өзгеріс туралы сөз еткенде, Ө.Шөкеевтің министр кезіндегі «командасынан» кімдердің қызметтен кеткенін санап, сәуегейсу де артық сияқты.
Ө.Шөкеевтің қызметте іскерлігімен танылып, өзінің сенімінен шыққан, нағыз елжанды азаматтардан «команда» жинайтынын бұрын да дәйекті дәлелдермен айтып жүрген болатынбыз. Өмірзақ Естайұлының туыстық, жершілдік, тамыр-таныстықтың сыйластығымен біреуге қызмет беріп, «былғанбайтынына» облыс халқы осыдан 12 жыл бұрын көз жеткізіп қойған болатын.
Кемел ойлы азаматтың кісі танығыштығына шүбә келтіре алмайсың. Қызметті бергеннен кейін оны тарта алмадың ба, онда өзіңе өкпелейсің. Қатқыл дауысты жиын да, артық айыптау да жоқ, жайыңа өзің кетесің. Егер іскерлігіңмен өзіңді көрсете алдың ба, онда ыстық ықылас, қолдаудан кенде болмайсың. Осының бәрін Ө.Шөкеевтің небәрі 11 айда жасағанына облыстың 3 млн-нан астам халқы куә болды ғой. Сондықтан, облыс халқының үлкен өзгерістерді күтіп отырғаны да рас және оның оң нәтиже беретініне де нық сенімде.
Әділ Мұратбеков.