«Ордабасы» ФК Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын болады
Футболдан Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы тұңғыш рет ел премьер-лигасында қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстан Премьер-лигасының 30-турында «Ордабасы» өз тарихында бірінші рет қола жүлдегер атанып, келер жылы Еуропа лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Ал Чемпиондар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік беретін ел біріншілігінің алтын жүлдесі кімге бұйыратыны әлі белгісіз болып тұр. Қазіргі уақытта турнир кестесін 73 ұпай жинаған «Астана» бастап тұрса, 69 ұпайы бар «Қайрат» екінші орынға жайғасқан.
Келер маусымда Еуропа алаңдарында шымкенттік «Ордабасы», алматылық «Қайрат» және елордалық «Астана» клубтары ойнайды. Ал төртінші жолдама «Ертіс» (41), «Тобыл» (40), «Шахтер» (36), «Қайсар» (35) немесе «Атырау» (32) клубтарының біріне бұйыруы мүмкін.
Айта кетейік, Ел премьер-лигасының аяқталуына үш тур қалғанда «Ордабасы» қола жүлдегер атанып отыр. Енді олар келер жылы Еуропа лигасында ел намысын қорғайтын болады. Осыған дейін бұл команданың үздік көрсеткіші төртінші орын болып келген.