«ОРДАБАСЫ» – ҚАЗАҚСТАН КУБОГІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Шымкенттік команда футболдан Қазақстан Кубогінің жеңімпазы атанды. «Астана-Аренада» өткен финалда «Ордабасы» «Ақжайық» клубынан 5:4 есебімен басым түсті.

Шымкенттіктер футбол кездесуін Әл-Фараби алаңында тікелей эфирде көрді. Матчты қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, басқармалардың басшылары жанкүйерлермен бірге тамашалады.

Финал аса тартысты өтті. 7-минутта оралдықтар сапынан Бадоян Завен алғашқы голды салса, 11-минутта Тома Табатадзе есепті еселеді. Бұдан кейін шымкенттік команда шабуылды үдетті. Ол нәтиже беріп, команда капитаны Самат Шәмші 26-минутта есеп айырмасын қысқартса, үзілістен кейін, екінші таймның басында «Ордабасы» сапынан Всеволод Садовский есепті теңестірді.

Екі жақта шабуылмен, ашық өткен ойында «Ақжайық» тағы да екі гол соғып, алға шығады: алдымен Табатадзе матчтағы екінші добын соқса, одан кейін Илья Коваленко көзге түсті. «Ордабасы» сапынан Максима Федин гол соғып, есеп айырмасын тағы бір допқа қысқартады. Ал ойын аяқталуға санаулы секунд қалғанда «ордабасылық» Луис Энрике Гедеш алыстан әдемі соққы жасап, есепті теңестірді – 4:4.

Қосымша таймның алғашқысында екі тарап гол соға алмай, екінші 15 минуттық таймда «Ақжайық» айып алаңындағы тартысты сәттердің бірін сараптаған бас төреші оралдық команда қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Жауапты сәтте Эльхан Астанов айып соққысын сәтті орындап, командаластарына да, шымкенттік жанкүйерлерге де қуаныш сыйлады.

Сонымен, араға 11 жыл салып «Ордабасы» клубы футболдан Қазақстан Кубогінің жеңімпазы атанып отыр.

«Шымкент келбеті»
Фото – Серік Қосаев

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.