ОРДАБАСЫДА СҮТ КЛАСТЕРІ ДАМИДЫ ЖӘНЕ 500 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН ТІГІН ФАБРИКАСЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданындағы кәсіпорындарды аралап, жоспарларымен танысты. Мемлекеттік қолдау бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдады.

Бадам ауыл округіндегі «Бөрте Милка» ЖШС-нің жаңа технологиялы сүт өңдеу зауытында болған облыс әкімі аталған ұжымның жұмысына оң бағасын берді. Өндірістік қуатын арттыру, экспортқа шығару мәселелері назарда тұруы тиіс екенін жеткізді.

Жалпы «Бөрте Милка» сүт тауарлы тауарлы фермасы 3 кезеңмен іске асырылған. 2015 жылы сүт тауарлы ферманың құрылысы басталып, 1-ші, 2-ші сиыр қораларының құрылыстары жүргізілген. Швецияның «ДеЛаваль» компаниясымен ферманың құрал-жабдықтары, сиыр сауатын роботтары орнатылып, 136 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал Венгрияның «Хунланд Трейд Кфт» компаниясынан сатып алынған.

2016 жылы 3-ші, 4-ші сиыр қораларының құрылыстары жүргізіліп, толығымен жабдықталып, тағы да ірі қара мал әкелінген. Ал 2017 жылы ІІІ кезең аясында тәулігіне 50 тонна сүт өнімдерін өңдейтін зауыттың құрылысы жүргізіліп іске қосылды. Сүт өңдеу зауытына Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған. 110 адам жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын жетекшісі өңір басшысына зауыттың өндірістік қуаттылығын тәулігіне қосымша 9 тоннаға дейін ұлғайту жобасын іске асырып жатқанын айтты. «Түркістан» ӘКК» АҚ-ы арқылы 2 млрд 498 млн теңге несие алынып, өндіріс аймағы ұлғаюда. Қосымша 400 бас ірі қара малға қоражай салынып жатыр.

Дархан Сатыбалды Бадам елді мекенінде орналасқан «JNRAY Group» ЖШС-нің тігін фабрикасымен танысты.

Тәулігіне 500 дана өнім шығаруға қауқарлы фабрикада 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы құны – 1 млрд. 300 млн. теңге. Өндіріс алаңы 1,5 гектарды құрайтын фабриканың өнімі толықтай дерлік еліміздің ішкі нарығына жіберіледі.

Жалпы «JNRAY Group» тігін фабрикасы 3-кезеңмен іске асырылуда. 2023 жылы құрылысы басталып, биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Облыс басшысы кәсіпорын басшылығымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ жауапты басқарма мен аудан әкіміне кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын жандандыруды тапсырды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.