«Отан отбасыдан басталады»
Отанымызды сүю – адамдығымызды сақтап, ар алдында адал қызмет атқару. Қандай маман иесі болмасын, «Отанымыздың мықты болуына, тұғырының берік болуына атқарар қызметім адал болсын!» дейтін ұран жаңғырып тұру қажет. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне әр азаматының Отанға деген махаббатының шынайылығы үлкен рөл атқарады.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауапкершілігі мол қызмет атқарып жүрген Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы полиция майоры Айтуған Берік Оңғарбекұлы туралы сөз қозғамақпыз. Полиция майоры Айтуған Берік Ішкі істер органдарында 2010 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Әл-Фараби ауданының тыныштығын күзетіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға барын салып келеді. Күндіз-түні өз аумағының тәртібін бақылайтын Берікті барлығы жақсы таниды. Учаскелік инспектордың атына тек мақтау сөз айтылады.
Учаскелік инспектор өзінің аумағында тұратын барлық адамды танитыны сияқты, тұрғындар да өз аумағында қызмет ететін учаскелік полиция инспекторын танығаны жөн. Ол халықтың сеніміне кіруі тиіс. Иә, учаскелік полиция инспекторына жүктелетін міндет жоғары. Азаматтардың арыз-шағымдарын тәулік бойы қабылдап, оларға уақтылы әрі шұғыл түрде ден қоюы тиіс. Жүктемесінің ауырлығына қарамастан, Айтуған Берік осы мамандықты таңдап, халықтың қызметшісі ретінде жұмысын адал атқаруға ант бергендіктен, оны орындауға тиіспін деп есептейді.
«Учаскелік инспектор, бұл жергілікті халықтың проблемаларын шешуге, қылмыстың тікелей немесе жанама жолын кесуге, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты аумақтағы қылмыстың алдын алудың негізгі тұлғасы. Адамдармен ашық диалог жүргізу керек, және көмек қажет болған кезде әрқашан қасында болу керек. Қазақстандықтардың сеніміне басқаша қол жеткізе алмаймыз» деген еді өз сөзінде ел Президенті Қ. Тоқаев.
«Ең жақсы адам — басқаға пайдасы тиген адам», — демекші, туған елімді сүйем деген әрбір азамат ол айтқанын Отаны үшін жасаған жақсылығымен дәлелдеуі керек. Саясаткерлер халық игілігін көздейтін мықты саясат жүргізуі керек. Балабақшаларда тәрбиешілер балаларға жақсы тәрбие беріп, имандылықты үйретуі керек. Мектептерде ұстаздар сапалы білім беруге талпынып, дәрігерлер науқастарға қолдан келгенше жәрдем беруге, тәртіп сақшылары халыққа сенімділік ұялата білуі тиіс» дейді полиция майоры Айтуған Берік.
Айтуған Беріктің Ішкі істер органдарына келуіне себепкер болған жанның бірі әкесі Айтуғанов Оңғарбек Мүсілімұлы. Есі кіргелі еліне қызмет етіп келе жатқан әкесін көрген бала кішкентайынан әке жолын қууға бел байлайды. Полиция майоры болып зейнетке шыққан ел ағасы бүгінде 60 жасқа толып отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Берік те мектепті бітіре сала, Шымкент қаласындағы Заң академиясына оқуға түсіп, заңгер болып шығады. Полицейлер династиясын жалғап, бүгінде Ішкі істер саласының қызметкері атанып жүр. Әке тәрбиесімен, ананың ақ сүтімен дарыған бойындағы қабілетін Отан деп соққан жүрегімен еліне қызмет етіп келеді.
Халық игілігі мен ұлт мүддесі үшін жұмыс істеу де Отан алдындағы адалдықтың белгісі. Сол себепті кез келген ел, мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, арды ақшадан биік көретін ерлеріміз көп болса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қажет қасиет болып отырғаны баршаға аян. Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы керек. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы тиіс. Әрбір азамат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарғанда ғана туған елдің көркеюіне үлес қоспақ.