Өткір ішек жұқпалы ауруларының алдын алу

Ішек инфекция(ары – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы. Ол іштің бүріп ауыруымен, дене қызуының көтеріліп, іш өтуімен сипатталады. Оның пайда болуына негізінен микроағзалардың  — бактерия, вирус сынды түрлері себеп.

Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті. Микробтар науқастардан және тасымалдаушылардан нәжіс, құсық және зәр арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Жіті ішек инфекцияларының жұғуы өте жоғары. әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады, оның ішінде 1 жасқа толмаған балалардың аурушаңдықта үлес салмағы орасан. Бұл жай ата — аналардың балаға қарауда қателіктер жіберетіндігін айтады. 1 жасқа дейінгі бала  заттармен ауызға салу арқылы өмір тани бастайды, міне осы кезде аса мұқият болып, баланың аузына салған заттарын жиі жуып, тазалап отыру қажет.

Жұқтыру қаупі ағзаға түскен қоздырғыштың мөлшеріне, сондай-ақ, асқазан-ішек жолдарының барьерлік және ферментативті функциясына және ағзаның қабылдағыштығына байланысты.Ауру негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Инфекция жұқтырғаннан кейін иммунитет 3-4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады, осыған байланысты, аурудың қайталануы әбден мүмкін. Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар аурудың берілу факторлары болып табылады, кейбір инфекцияларды жәндіктер (шыбындар, тарақандар) таратады. Сондай-ақ, антисанитариялық жағдайлар, жеке гигиена ережелерін сақтамау, санитариялық ережелерді сақтамай дайындалған тамақ өнімдерін пайдалану да жіті ішек инфекцияларын жұқтыруға себеп.

«Жіті ішек инфекциялары жылдың кез келген мезгілінде болуы мүмкін. Вирусты инфекция көбінесе салқын түскенде, тұмаумен және жіті респираторлы вирустық инфекциялармен сырқаттану деңгейі артқан кезде көбейсе, бактериялық инфекциямен сырқаттану жазғы мезгілде арта түседі. Жіті ішек инфекцияларының көпшілігі жоғары тұрақтылығымен ерекшеленеді. Мысалы, іш сүзегі  сүтте 70 күннен астам, ал суда бірнеше ай тіршілік етеді. Дизентерия микробтары сүтте шамамен 6 күн тіршілік етеді және көбейеді, өзен суында 35 күнге дейін сақталады. Вирустар қоршаған ортаның түрлі нысандарында 10-15 күннен бастап 1 айға дейін, нәжістерде 7 айға дейін сақталады».

ДДСҰ деректері бойынша, дүние жүзінде жыл сайын диареямен ауырған 1 миллиардқа жуық адам тіркеледі. Олардың 60-70 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.

Жіті ішек инфекцияларының алдын алу шаралары:

Жеке гигиена ережелерін сақтау, тамақ ішердің алдында және дәретханадан шыққаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;

Су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;

Пайдаланудың алдында жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, қайнаған сумен шаю;

Тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдалану. Тамақты  тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақтамау;

Тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау;

Шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке ас үй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолдану. Шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау;

Тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылу. Су қоймаларында және бассейндерде шомылған кезде ауызға судың кетпеуін қадағалау;

Үйді, ауланы таза ұстау.

Шымкент қаласы Қаратау ауданының СЭББ-ң бас маманы

Г.Д.Султанова

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.