ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН АЛАҢДАТҚАН МӘСЕЛЕЛЕР ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ҚАРАЛДЫ
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалында болып, жеке және тұлғалардың түйткілді мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.
Арыз-шағымын арқалап келген аудан тұрғындарымен жүздескен Мирас Асқарбайұлы жеке тұрғын-үй, ауыл шаруашылығы, жер, су және әлеуметтік мәселелер және жол жөндеу жұмыстары бойынша қойылған сауалдарға құлақ түріп, алаңдатқан мәселелердің жедел шешілу жолдарын қарастырды.
Атап айтсақ, қоғамдық қабылдауға жазылған Мейрамбай Өсербаев 2021 жылы Талапты ауыл округіне қарасты Шытты, Көкмардан ауылдарындағы қандай ішкі көшелерді жөндеу жоспарланғандығын және азаматша Кенжекуль Омарова тігін шаруашылығымен айналысу үшін қайтарамсыз грантты алудың жолдарын, сондай-ақ аудан тұрғыны Гүлжан Тәжі 2014 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санаты бойынша алған коммуналдық тұрғын үйін жекешелендіру бойынша жолдаған сауалдарына толымды мәлімет пен құқықтық кеңестер алды.
Сондай-ақ, Нұржан Мақсат есімді азамат 2019 жылдан бастап аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты «ВИГ» ЖШС фирмасында келісім шартсыз ішкі әрлеу жұмыстарын істеп, 450-500 мың теңге көлемінде жұмыс ақысын ала алмай жүргендігін алға тартып, өз жанайқайын жеткізді.
Жеке қабылдауға келген әрбір тұрғынның арыз-шағымына терең үңілген Мирас Асқарбайұлы аталған өтініштердің Департамент тарапынан назарға алынатынын жеткізіп, алдағы уақытта нақты шаралар атқарылатынын тілге тиек етті.