ОТЫРАР МЕН АРЫСТАҒЫ БІЛІМ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Түркістан өңірінің білім нысандарында жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатыр. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Отырар ауданы мен Арыс қаласына жұмыс сапарымен барды. Іссапар аясында мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелердің құрылыс жұмыстарын тексерді.

Биыл Отырар ауданда 6 мектеп, 3 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, облыстық бюджеттен қаржы қаралған болатын. Отырарда жұмыс күшінен мәселе бар. Аудан әкімінің орынбасарына ауылдан жұмысшылар ұйымдастыруға тапсырма берілді

Темір ауыл округінен бастаған облыс әкімінің орынбасары Темір жалпы білім беретін мектебінің жай-күйімен танысты. Білім ұясы 1979 жылы салынған. 874 орындық мектепте 789 оқушы білім алады. Мердігер мекеме ретінде «А-ІІІ GROUP» ЖШС-і анықталған. Ғимараттың ішкі қабырғаларын қайта түсіріп сылау, әрлеу жұмыстары, сынып бөлмелерінің едендерін линолиум төсеу, коридордың едендерін кафелдеу, электр жүйелерін ауыстыру, есік терезе көздерін ауыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда демонтаж жұмыстары жүргізілуде.

Қоғам ауыл округі, С.Әшіров атындағы жалпы білім беретін мектебі 1992 жылы салынған. 624 орынға арналған білім ұясында 452 оқушы бар. Ғимараттың сыртқы қасбетін металлосайдингпен қаптау, ішкі қабырғаларын қайта түсіріп сылау, әрлеу жұмыстары, едендерін кафелдеу, электр жүйелерін ауыстыру, есік терезе көздерін ауыстыру сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Талапты ауыл округіне қарасты Көкмардан ауылындағы «Көкмардан» жалпы орта мектебінің де ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты.

Жұмыс сапары Арыс қаласында жалғасты. Жалпы құрылыс жұмыстарына ауыл адамдары тартылған. Ең алдымен Ақдала ауылдық округіндегі С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепке ат басын бұрды. Мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. 800 орынға лайықталған білім ордасында 951 оқушы білім алуда. Қауіпсіздік үшін мектеп аумағы қоршалған. Ішкі және сыртқы 16 бейнебақылау камерасымен, ішкі әжетханамен жабдықталған. Қазіргі кезде бірінші қабатындағы кейбір кабинеттің ағаш едендері көтеріліп, дәліздегі кафель төсемелері ескірген. Барлығы да ауыстырылып, қалпына келтірілмек. Сонымен бірге еден астынан өткен жылу жүйелерінің құбырлары тозығы жетуіне байланысты қайта жаңғыртылмақ. Ескірген пластик есіктер мен терезелерді ішінара ауыстыру жоспарланған. Ішкі және сыртқы қасбеті сырланады. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Бұдан бөлек қаладағы Журба мектебіне салынған қосымша 300 орындық ғимаратқа барды. Жаңа оқу жылы қарсаңында аяқталады деп жоспарлануда.

Арыс қаласының білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі 59 ұйым бар. Оның ішінде 10 балабақша мемлекеттік болса, қалған 49 балабақша жекеменшік. Онда 5841 бала тәрбиеленуде. Қала орталығындағы «Айгөлек», Қожатоғай ауылындағы «Саяжан» және Байтоғай елді мекеніндегі «Ақкөгершін» балабақшасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бейсенбай Дәулетұлы жауапты тұлғаларға атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауды күшейтуді, сонымен қатар уақытында және сапалы аяқтауды қатаң тапсырды. Ол өз сөзінде тапсырыс берушілер де, мердігерлерге де әрбір оқу орнында кездесіп отырған мәселелермен дер кезінде жұмыс істеу қажет деді.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.