ӨЗ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫН ТУДЫРА АЛМАЙТЫН ҰЛТ БАСҚАЛАРҒА ТӘУЕЛДІ БОЛАДЫ
МЫРЗАН КЕНЖЕБАЙ
Бүгінде Қазақстанның қай қаласына, қай аудан орталығына, тіпті ауылдарына барсақ та бір-бір бетон атқа мініп, қолына бетон қылыш не найза (іші арматура) ұстаған, көздері бадырайған, мұрты едірейген, бірінен-бірі айнымайтын батырдың ескерткішін көреміз. Олардың әрқайсысы бір-бір рудың, тіпті сол рудың ішіндегі аз ғана аталықтың батыры. Олар кіммен, қай жерде, қай жылы соғысты, ол туралы қандай дерек бар десең, айтатындары жоңғарға қарсы соғысқан дейді. Соларға қарап кейде қазақтың батырлары жоңғардың әскерінен де көп болған ба деп қаласың. Олар туралы әр ру, әр аудан, әр облыс кітап шығарады. Ішінде «е, солай болған екен ғой» деп көзіңді жеткізерлік сыңар ауыз дерек жоқ. Сосын оларға арнап шартараптан меймандар шақырылып ағыл-тегіл ас беріледі. Баяғы құнан бәйгі, дөнен бәйгі, балуандар күресі, айтыс, концерт, лепірме сөз! Міне «өлгеніміз – тірілгенінің, өшкеніміз – жанғанының», әсіресе тәуелсіздік алғанымыздың «айқын айғағы» осы ғана.
Тобырлық мәдениетке душар болған ұлттың әдебиеті де, ән-күйі де не дәмі, не татымы жоқ, жанды баурайтын көркемдіктен мақұрым, сөйте тұра дақпырты құлақ жарарлық даңғаза, құнсыз сыпырындыға айналады. Өлең деп жазғандарында не тұжырым, не кейіпкер, не айтар ой жоқ өлеңшілер күпінің битіндей қаптап кетеді, қоғамдық, мемлекеттік деңгейдегі жүлделер мен сыйлықтар соларға шүлен таратқандай үлестіріледі.
Құдай сақтасын, баяғыда бір әжеміз кейігенде «Арсызға күнде мейрам, күнде той» дейтіні еске түседі. Сол кісі айтқандай, қазір теледидарды ашып қалсаң, инкубатордан шыққан балапандардай құжынаған, өріп жүрген әнші емес әнші, сазгер емес сазгерлерді көресің. Әңгімелері солардың не ішіп, не жейтіні, не киетіні, күйеуімен немесе әйелімен қалай танысқаны, бал айын қайда өткізгені, неше клип түсіргені, қандай көлік мінетіні, тіпті, қалай жатып, қалай тұратыны, қандай әтір, қандай иіссу құятыны туралы.
* * *
Өзінің құл екенін білетін, бірақ сол құлдығына қарсы күреспейтін адам – нағыз құл. Ал өзінің құл екенін білетін және сол құлдыққа қарсы күресетін адамды құл деуге болмайды.
Әрине, өз тілін, өз ата-дәстүрін, өз мәдениетін сыйламай, орысша сөйлеп, орыстың әдет-ғұрпына еліктейтін, өз ұлтын менсінбейтін қазақтың бәрін бірдей құл деу күнә. Бірақ олардың миының, санасының бір қуыс-қалтарысында қазаққа қарағанда орыс білімді, орыс мәдениетті, орыс күшті, орыс озық деген бір соқыр түсінік тұрғаны анық. Міне, біз айтып отырған, санадан әлі толық кете қоймаған құлмінез дегеніңіз осы. Ол қазақ оны өзі байқауы да, байқамауы да мүмкін.
Жақында баспасөзден өзім білетін бір профессордың «Өз мемлекетінде өзінің ұлттық идеясын тудыра алмайтын ұлт басқа халықтарға тәуелді болады. Ал идея зиялы қауымның арқасында дүниеге келеді» дегенін оқыдым. Рас! Ойлан, қазақ!
* * *
Ғалым, жазушы, бұрын партия қызметкері болған ақсақал-қарасақалдар «Мен жастарға сенемін!», «Жастар – біздің болашағымыз!» деген желдірме ұран сөздерді бірінен-бірі қағып алып, теледидардан, баспасөзден айтатын жалған уағызы мен жалған насихатына айналдырып алды. Иә, жалған дейтін себебіміз, көшеде, көлікте бет-аузын қисаңдатып, былапыт сөзді сапырып, бірі «братан», «сестренка» деп бақылдап, ал базарда «Дәр-рө-өгу» деп арба сүйретіп жүрген жастарды қазақ ұлтының келешегі деу қиын екенін ол ақсақалдар көрмей-білмей жүрген жоқ. Шынына келсек, бұл олардың өздерінше ел тыныштығын ойлағансыған, ақсақалдық айтқансыған түрлері ғана. Әйтпесе, бүгінгі ұрпақтың күннен-күнге тілінен де, ділінен де, дінінен де, ата-дәстүрінен де айырылып баратқанын, айрылмағандары көше тазалап, дардай жігіттері ойыншық, әртүрлі ұсақ-түйек сатып, тіпті аш-жалаңаш қалмау үшін ұрлық-қарлық, алаяқтық
сияқты алуан қылмыстарды кәсіпке айналдырғанын әлгі ақсақалдар сіз бен бізден кем білмейді.
Иә, ақсақал адам әр сөзін ойланып, көкірегінде пісіріп, қай нәрсенің де әділін айтуға ден қойып сөйлегені ләзім. Бүгінгі ақсақалдар қазіргі қазақ жастарының жүріс-тұрысындағы жан шошырлық өрескелдіктерді, олардың сөз саптауындағы былапыт пен ластықты, мен қазақпын ғой демейтін өз ұлтына деген селқостықты, керенаулықты, келеңсіздік пен толып жатқан жан жирендіретін сорақылық пен дөрекілікті, көргенсіздікті, соған қоса сауатсыздықты, ұлттық намыссыздықты көрмей, білмей отырған жоқ.
70 жыл бойы миына құлдық сана сіңіп қалған ақсақалдар бүгінгі өкіметке қазақтың ұлттық намысын, ұлттық санасын оятайық деуге өресі де, батылдығы да жетпейді. Олар сондықтан да бар жауапкершілікті келешектің мойнына жүктеп, «Мен жастарға сенемін!» деген мәдени-жәдігөйлік сөзді қайталай береді.
Иә, бір ұлт жер бетінен жойылар кезде ең әуелі оның жастарының тілі шұбарланады, сосын олар өз тілінде сөйлеуді мүлде тоқтатады, ұлттық салт-дәстүрден мақұрым болып, ұлттық намыс деген не екенін білмейтін болады. Бүгінгі қазақтың жағдайы дәл осыған жетті. Не істемек керек?
* * *
Әлемде әр адам ұлтшыл. Яғни, әркім өз ұлтын сүйеді. Тек ана тілінде тәрбие алмаған адам ғана ұлтсыз. Ондай адам ең әуелі өз ұлтын сүйе алмайтын, көңілі, көзқарасы күмәнді дүбәра, мәңгүрт адам. Ұлтсыз адам жаны нұрсыз адам, өз бет-бейнесі жоқ құнсыз адам. Интернационализм дегеніңіз Ресей басшылары өзге ұлттарды, өзге республикаларды өзіне қосып алу үшін ойлап тапқан айласы еді ғой. Ал біздікі не шалап шайқау? Біз әлі де ананы да, мынаны да бауырлас, братан деп жалпылдап, интернационализмді көпұлттылық деп жаңғыртып, қай республиканы, қай ұлтты өзімізге қосып алғымыз келіп жүр? Күлдірмеңіз! Қазақ болам демек түгілі, қазақты жай сыйлайтын болса, орыс ең әуелі қазақтың тілін сыйлап, «нан», «тұз», «су» деген үш-ақ әріптен тұратын сөздерді үйренер еді ғой! Оның орнына үш әріптен тұратын боғауыз сөзін дауыстап, жұртқа әдейі естіртіп айтып баратады. Өйткені, тілін сыйламайтын ұлтта ұялу деген болған емес!
Баспасөзге сенсек, қазір Қазақстанда 1700-ден астам адам миллиардтап жеп, шетелге қашып кеткен. Солардың бәрі орыс мектебінде оқыған, яғни орыстілді қазақтар.Қазақтілді қазақ елден қашпайды. Олардың Отаны – Қазақстан.