ПАРА БЕРУ ТИЫЛМАЙ, ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ МҮМКІН ЕМЕС

Сыбайлас жемқорлық — елдің даму қарқынын тежейтін қоғамдық кесел. Оның кең тамыр жаюы — бүтін бір мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп, ел  болашағына орасан зор зардабын тигізеді.

Сондықтан, әлем елдері жемқорлықтан таза қоғамды қалыптастыруға айрықша басымдық беріп, оған қарсы күресті жетілдіру тәжірибесінде көш ілгері келеді.

Жемқорлықпен күрес саясаты — біздің қазақ қоғамында да тысқары қалған емес. Бүгінгі күні бармақ басты, көз қысты әрекеттерді жоюда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, жемқорлықтың алдын алу саясатына ерекше екпін беру қажеттігін баса атап көрсетіп келеді.

«Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек» — деп Ел Президенті атап өткендей, қазіргі күні жемқорлыққа қарсы күрес — күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

Осы орайда, парақорлықпен күрес —  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қызметімен ғана шектелмейтінін назарда ұстаған жөн.

Әрбір ел азаматы қоғамдық кеселге қарсы тұруда азаматтық белсенділік танытуы аса маңызды. Соның ішінде, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қоғамның қалыпты құбылысы ретінде қарамай, тиісті органға шағымдану немесе Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) 1424 сенім телефонына хабарлау қажеттігін назарда ұстаған жөн.

Параны тықпалап беруші болмаса, параны бұқпалап алушы да болмайтыны белгілі. Сондықтан, тұрғындар тарапынан пара ұсыну мен пара беру арқылы мәселесін теңгемен шешіп кетуге әрекеттенудің соңы қылмысқа әкеліп соғатынын ескерген жөн. Бүгінгі күні пара берген азаматтарға да жауапкершілік қаралатынын әрбір ел азаматы терең ұғынуы тиіс.

Адамның күні адамға түсіп тұрғанда, тірлігін теңгемен шешуге тырысатындардың қатары азаймауда. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюда — әрбір тұрғынның қосар үлесі мол.

Ең алдымен, пара ұсыну, пара беру деген теріс әрекетті түбегейлі тоқтатсақ, пара алуды үйреншікті құбылыс ретінде қарайтын азаматтардың да қатары азаяры анық. Жемқорлық жарға жығады, елдің даму қарқынын бәсеңдетеді.  Сол үшін жұдырықтай жұмылып, «Әділетті Қазақтанға»  қарай қадам басайық. Елдің ертеңгі болашағы — адал азаматтардың қолында.

 

Жандос ҚАМБАРБЕКОВ
«Күрең тұлпар» Қоғамдық Бірлестігінің жоба үйлестірушісі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.