ПАРАСАТ ЖОЛЫ: МҰХТАРХАН ДІЛДӘБЕКОВ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін «Парасат жолы» жобасы аясында боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының және әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында спортшы жетістік жолындағы қиындықтары мен қызықтарын ортаға салып, спорттағы адалдық бойынша жастармен пікір алмасты.
М.Ділдәбеков жастарды салауатты өмір салтын сақтауға, зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстап, еліне пайдасын тигізетін іспен айналысуға шақырды. Спортшының әңгімелеріне, басынан өткен оқиғаларға тәнті болған жастар, ел мақтанышына өздерін мазалаған сұрақтарын жолдады.
Кездесу еркін форматтағы диалог түрінде жалғасты.
Шара ұйымдастырушыларының айтуынша мұндай кездесулер жастарымыздың патриоттық көзқарасын қалыптастыруға, олардың арасында парасаттылық құндылықтарын насихаттауға оң ықпал етеді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен қаладағы барлық кітапханалар мен Университет қабырғасында «Парасат жолы» орталықтары ашылып, адалдық, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу мақсатында түрлі форматтағы шаралар өткізілуде.