Полицейлер жоғалған 13 млн теңгені иесіне қайтарып берді
QAZYGURT.KZ: Полицейлер облыс орталығының тұрғынына 13 млн теңгесін тез арада қайтарып берді.
Өскемендіктің қызметтік көлігінен 13 миллион теңгесін ұрлап кеткен. 27 жастағы жігіт Үлбі аудандық полиция бөліміне көмек сұрап барған. Ер адам шұжық өнімдерін сатумен айналысады. Одан түскен 13 млн теңгесін қызметтік көлігінің салонынан ұрлап кеткен. «Жедел іздеу-тергеу іс-шараларының барысында полиция қызметкерлері күдіктіні — 21 жастағы Өскемен тумасын анықтаған. Ол зардап шегушінің танысы болып шықты. Күдіктінің баруы мүмкін жерлерінің барлығы тексерілді. Дер кезінде жасалған іс-әрекеттердің арқасында қылмыс ізі суымай әшкереленді. Ақшаның негізгі сомасы — 12 млн 870 мың теңге зардап шегушіге қайтарылды. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Жедел уәкілдер тергеу барысында ер адамның бұрын көлік жуатын орында жұмыс істеп жүріп, көліктің салонынан 180 мың теңге ұрлағанын анықтады», — деді полициядан.
АҚПАРАТ көзі: inform.kz