РУХ ОРДАСЫ
Алдымен кешеннің Отпан таудың басында салынуы, мақсаты және оның тарихи маңызы жөнінде кеңіннен тоқтала кетейік. Өткен өмір тарихыңды, ата – баба салт — дәстүріңді білу, оны күнделікті өмірмен ұштастырып отыру – өзіңнің кім екеніңді өзіңді өзің — ұлтыңды тануға, соған байланысты өмірден өз бағытыңды, ортаңды, өзіңнің және ұлтыңның болашақ өмір жолын айқындауға жарқын жол ашылатыны анық. Онсыз саналы ұлтың өкілі ретінде ілгері басуың, қоршаған ортада өзіңнің бар екеніңді сезіндіре білуің мүмкін емес. Олай болмаса мына қасқыр заманда күнделікті күйкі — қой тірліктің құрбаны болған – өмірде бар жоғы белгісіз болмыстың бірі болып қана өтесің. Бүкіл бүтін бір ұлттың белгісіз болмысқа айналуы сан ғасырлық тарихы бар халықтың, ұлт ретінде тарих кеңістігінен жойылып кетуіне әкеліп соқтырары анық. Бұған 18 ғасырдағы Америка Құрама Штатарының құрылуы арқылы бүтін бір үндістердің жойылып кетуін айтпағанның өзінде күні кешегі Кеңес Одағы кезінде өзімізбен бірге үзеңгілес өмір сүрген, түркі тілдес бүгінде аты – жөні, тілі, діні мен ділі орысқа айналған Сібір халықтары нақты мысал бола алады. Ал осы бір қауіпті апаттан халықты аман алып қалудың жолдарының бірі – ана тілін қоғамның барлық салаларына еркін енгізу болса, екіншісі – ұлттық рухта тәрбиелеу, яғни ұлттың өзін – өзі үлкен тарихы салт – дәстүрі бар басқа ұлттармен терезесі тең пара-пар ұлы – ұлт ретінде танып білуін қалыптастыру.
Біріншісі бойынша үкімет қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыру мақсатында заң қабылдап, жергілікті атқарушы органдар арқылы жұмыс жасауда. Оның нәтижесі қазіргі таңда таң қаларлықтай емес екені жасырын емес.
Екіншісі бойынша мәдени шаралар, теледидарлық кездесулер, әр түрлі деңгейдегі конкурстар мен спорттық жарыстар, теледебаттар мен ынталандыру бағытындағы шоу жобалар ұйымдастырылуда. Олардың ішінде ақындар айтысы айрықша маңызға ие. Осы бағыттағы істелінер идеологиялық жұмыстардың маңызды бір бөлігі үкіметіміздің 2004 жылы қабылдаған «Мәдени мұра» бағдарламасы.
Үкіметтің «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру мақсатында облысымызда өткен жылдары біраз жұмыстар істелінді және әлі де атқарылар істер баршылық. Осы бір тарихи жұмыстардың бір тармағы 2007 жылы ашылып, өткен жылдардың ішінде біраз жұмыстар атқарылған, Отпан таудағы «Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени кешенінің жұмысы. Сонымен қатар бұл бағыттағы идеологиялық жұмыстарда қоғамдық ұйымдардың да атқарар жұмысы маңызды болмақ.
«Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени кешенінің салыну мақсаты негізінен ата-баба рухынан нәр алу, оларды құрмет тұту, сол арқылы өткен өмір тарихымызды білу, олардың жүріп өткен өмір тарихы арқылы өзіміздің тәуелсіз жаңа тарихымызды жасау.
Әр адамның ең жақын пір тұтары өзінің әкесі мен шешесі. Тал бесікте жатқан сәбидің алағаш рет анасының, кейде әкесінің тербете отырып баласын тыныштандыру үшін айтқан сырлы әні мен бесік жырынан — әке-шешесіне болшақ өмірге деген құштарлығы оянса, өсе келе ол ата-анасын, өз шаңырағын, туған-туысқанын құрмет тұту, сүю арқылы қандас халқына, туған жеріне, Атажұртына деген сүйіспеншілігі туындайды. Өзінің руын, ата-бабасын біліп зерттеу арқылы, өзге қандастарының да тарихын біліп, түп тамыры Қазақ деген киелі Атадан тарағанын сезінеді. Ал, Адай Ата — ол Адай ұрпағының атасы. Отпан тау – ол ата-бабаларымыздың табаны, тұлпарларының тұяғы тиген жер. Батырларымыз бен билеріміздің басын қосып, ақылдасып, елдің тағдырын шешетін шешімдер қабылдаған жер. Аталарымыз осы жерде елдің амандығына садақа беріп, Алладан ұрпақтарына саулық тілеп, алыс жолға аттандырып отырған жер. Ел шетіне жау шапқанда туған жерін қорғау үшін атой салып, Ұран Отын жаққан жер. Қазақтың ежелгі мекені Маңғыстаудың ең биік жері болып саналатын Отпан тауды — ұрпақтар Пір тұтатын киелі жерге айналдыру. Оның басында жыл сайын тірліктің, бірліктің, рухтың, тәуелсіздік пен бостандықтың Ұран Отын жағу. Сол арқылы жастарымызды имандылыққа, ұлтжандылыққа отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың өздерінің өткен өмір-тарихы мен ата-бабалар рухына деген сүйіспеншілігін ояту, түптің-түбінде тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеологиясын дамытуға өз үлесін қосу.
Қазақта оның ішінде Маңғыстауда бүгінгі күнге дейін сақталған киелі салт-дәстүрі — ол кенже бала әке-шешесінің қолында қалып, оны бақилық болғанша бағып-қағады. Бұл – қазақтың жазылмаған заңы. Ағалары отау шығып өз алдына үй болады. Ал кенже бала «қара шаңырақта» қалады. Бірақ үлкен аға, апалары «қара шаңыраққа» келіп, (ата-анасына көрісіп, сый-сияпатын көрсетіп) көмектесіп болашақ туысқандық бірлескен өмір туралы ақылдасып шешім қабылдап отырған. Егер бұл салт-дәстүрді бүкіл қазақ еліне таңатын болсақ, онда Адай ата ұрпағы жайлаған 362 әулиелі киелі Маңғыстау өлкесі қазақтың қара шаңырағы деп те айтуға болады. Себебі Үш Жүздің кішісі – Кіші Жүз. Кіші Жүздегі он екі ата Байұлының кенжесі Адай. Маңғыстаудың ең биік жері – Отпан тау (Балтық теңізі деңгейінен 532 м.). Отпан таудың басына Үш Жүздің жайсаңдары жиналса, ата-баба аруағына садақа беріліп, құран оқылса, елдің елдігі, бірлігі, болашақ тағдыры туралы Ақсарайда кеңес құрып ақылдасып, тірліктің, бірліктің, тәуелсіздік пен бостандықтың, ірілік пен ұлылықтың – Ұран отын жағып, көкіректеріне жігер мен қайрат, елдік пен ерлікке деген ұмтылыс сезімін орнатып, өз туған жерлеріне қайтса, аталар рухынан алған әсерді қазақтың кең байтақ еліне таратса деген ұлы мақсатта «Адай» қоры азаматтарының бастамасымен осы кешен салынды. Оның авторы – белгілі қоғам қайраткері, көрнекті ақын, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Сабыр Шеркешбайұлы Адай.
Құрылыс 2005 жылы 10 қазанда басталып, 2007 жылы қазан айының 25 күні ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Шара Президент Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хатымен ашылды. Рухани тарихи-мәдени кешеннің ашылу салтанатына 500-дей ағаш үй тігіліп, Қазақстан және басқа да тәуелсіз республикалардан 50 мыңдай адам қатысты. Ақ түйе сойылып, ас берілді. Түрлі ұлттық спорттық жарыстар және ақындар айтысы, жазба ақындар мүшайрасы басқа да өнер сайыстары ұйымдастырылды. Отпан таудың басында, Адай Ата кесенесі жанында ашылған салтанатты жиынға республикаға белгілі қоғам қайраткерлері қатысып, халық алдында халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ақын Сабыр Адай сөз сөйледі. Бабалар рухына арнап құран оқылды. Үш жүздің рулары өкілдерінің қатысуымен Бірлік Оты жағылды. Отты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен кешеннің авторы, қоғам қайраткері, ақын Сабыр Адай жақты.
«Адай Ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде негізінен 9 тарихи ескерткіш салу жоспарланған. Олар: «Адай Ата кесенесі», «Ақсарай» мұражайы, «Ана келбеті» ескерткіші, «362 баспалдақ», «Көкбөрі», «Ұран Оты» алаңы, «Ту төбе», «Батырлар алаңы» мен «Алаш батыры» ескерткіші. Қәзіргі таңда «Батырлар алаңы» мен «Алаш батыры» ескерткіштерінен басқасы салынды. 2015 жылы салынған «Қарашаңырақ» нысанын қосқанда қәзір 8 тарихи нысан бар. Бұлардың әрқайсысы өткен ата-баба өмір тарихынан, салт-дәстүрінен, әдеп-ғұрпынан, мәдениеті мен өнерінен мағлұмат беретін, жастардың санасына ұлттық тәрбие мен ұлттық идеологияны қалыптастыратын тәрбиелік мәні бар киелі орын. Ал шет елдіктерге қазақтың сан ғасырлық мәдениеті, салт-дәстүрі, өркениеті бар ұлы халық екенін көрсететін киелі жәдігерлер орталығы.
«Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени кешені кең байтақ Қазақ жеріндегі ұлттық идеологиямызды қалыптастыру және оны дамыту мақсатында салынған киелі орындардың бірі және оның 362 әулиелі Маңғыстау жеріндегі темірқазығы іспетті. Бұл жердің басынан жан-жағыңа көз салсаң Қаратаудың ең биік таулары — Бес шоқыны, сай-сала жазық даланы, ағарған биік төбелер мен жотаны, ағып жатқан бұлақты, көгеріп жатқан теңізді, кең байтақ шексіз жеріңді, ақ шаңқан Ақтау қаланы, көгерген бақша — көз тартқан елді мекен ауылды, тау бөктеріне жайылған төрт-түлік түрлі малыңды көре аласың. Көктем кездерінде түрлі-түсті гүлдерді, ерте кезде ақсақал ағалар, ем үшін іздеп келетін, 15 түрлі өсімдік шипа емдік шөптерді көресің.
Бұл таудың бөктерінен жер бетінде сирек кездесетін көптеген сырқаттарға ем үшін пайдалануға таптырмайтын бал тәрізді қара қоңыр мумияны да кездестіре аласың. Тау бөктерінен қырағы көзге киелі аң арқар да, түлкі мен көкбөрі көкжал қасқыр да қараң етіп көрініп кетуі мүмкін. Көк аспанда қалқып ұшып жүрген тау бүркіті мен сұңқар, ителгі, қаршыға мен күйкентай, Қашаған ақынның жырында айтқан («Отпан таудың басында, Дегелек деген бір құс бар, аспанда жүріп ысқырса, мың орда жылан басылған…) киелі құсты да көре аласың. Батыста алыстан ап-анық Каспий теңізінің құрлыққа еніп жатқан жері Үш ауыз тауы көрінеді. Бұл таудың арасында адайлардың көтерілісін басам деп теңіз арқылы келген патша әскерімен Иса мен Досан сарбаздарының соғысып, шапқыншы орыс әскерлерін қырып тастаған, ұрпағымызды ерлікке, бірлікке, елдікке жетелейтін тарихи орын — айналасы қоршалып, ауқымды жерді алып жатқан мола-төбе жатыр.
Түнде шықсаң басына оңтүстік батыстан Ақтау қаласының, оңтүстік шығыстан Маңғыстауда ең алғаш мұнай фонтаны атылған мұнайлы Жетібай кентінің, терістіктен Қаражамбас мұнай кенішінің самсаған оттарын көресің. Бейне бір көк жиекке шашып тастаған отты моншақтар сияқты. Бұлар Отпан таудың басынан 150, 100, 80 шақырым қашықтықта орналасқан.
Екіншіден, «Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық мәдени кешені – өлке халықтарын ұлттық салт-дәстүр мен руханиятты, тіл мен дәстүрлі дінімізді насихаттау және жастарды патриотизмге, ел бірлігіне тәрбилейтін рухани орталық екенін ескере жүрейік.
Ашылған жылдан бастап, «Адай» қоры алқасы Маңыстау ауданы, облыс әкімшілігі мен бірге бұл бағытта көптеген шаралар ұйымдастырды. Солардың бірі 2008 жылы 7 ақпанда Отпан таудағы «Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени кешеніндегі Ақсарайда өткізілген «Бабалар рухы, ұлттық тәрбие және имандылық» деген тақырыпта арнайы пікір алмасу дөңгелек үстел. Шараға облыс мешіттеріндегі барлық имамдар, әулиеліктердегі барлық шырақшылар мен мемлекеттік тарихи-мәдени қорықтардың қараушылары қатысты.
Ішкі саясат департаменті, мәдениет басқармасы, дін және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысуымен алғашқы рет облыстық деңгейде өткен бұл шарада ұлтық идеология, дәстүрлі дін мен әдеп-ғұрып, салт-дәстүр, имандылықты қалыптастырудағы ішкі саясат, мәдениет және имамдар мен шырақшылардың ролі жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде арнайы үндеу қабылданып, жыл сайын келісілген мерзімде Ақсарайда осы тақырып шеңберінде арнайы бас қосатын болып келісілді. Шара соңында қонақ асы берілді. Шараға облыстық газет және теледидар өкілдері қатысып, кейін өз ақпарат құралдары арқылы өкізілген шараны облыс тұрғындарына жан-жақты ашып көрсетті.
Бұл шара бүгінгі таңда дәстүрлі кездесуге айналып, жыл сайын ұйымдастырылуда. Солардың бірі 2013 жылы ұйымдастырылған кезекті шарада қабылдаған үндеуінде: «Біз, бүгінгі «Бабалар рухы, ұлттық тәрбие және имандылық» атты дәстүрлі дөңгелек үстелге қатысушылар: күн тәртібіне байланысты туындаған ой, пікір, ұсыныстар негізінде қабылданған ұсыныс – үндеуімізді өлке тұрғындарына, облыс, қала, аудан басшыларына ұсынамыз. Біз еліміздің тыныштығын, ел бірлігін және ата салтымызды, дәстүрлі дінімізді таза сақтау және одан әрі дамыту, тарихи киелі орындарды сақтау және оны қорғауды іске асыру мақсатында өлке тұрғындарын, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті билік өкілдерін осы Үндеуді колдап, бірлесе әрекет етуге шақырамыз! Себебі: қазіргі еліміздегі діни ахуал өте күрделі кезеңде тұр. Заңға қайшы келетін, еліміздің бірлігіне нұқсан келтіретін діни ағымдар әлі де өркендеп қанат жаюда. Егер қоғам, ел болып бірігіп, өкіметтің және зиялы қауымның сындарлы саясатын қолдап, ел ішіне іріткі салушыларға тосқауыл қойып, идеологиялық үгіт-насихат арқылы күреспесек ертең кеш болуы әбден мүмкін. Сыртқы дұшпандардың қоғамды бүлдірудің және оны әлсіретудің ең тиімді жолы халықтың арасына іріткі салу, оның ата-бабадан мирас болып қалған дәстүрлі діні мен ата салтына, ұлттық тәрбиесіне күмән келтіруі. Әке мен баланы, ана мен қызды бір-біріне қарсы қою отбасының бүлінуіне әкеледі. Отанның бірлігі отбасынан басталады. Ал бұл хадқымыздың бірлігіне елеулі нұқсан келтірері анық. Ата-бабаларымыз ұлттық тәрбиесімен, діни нанымымен, салт-дәстүрімен осылардың арқасындағы ауызбірлігімен кең байтақ қазақ жерін қорғап, бүгінгі күнге жеткізді» делінген.
Құрметті киелі оңтүстіктің бүгінгі ғылыми конференцияға қатысып отырған зиялы қауым! Ел азаматтары! Жастар! Жүздеген жылдар бойы сақталған әдеп-ғұрпымызды, салт-дәстүрге негізделген имандылығымызды, бірлігімізді, әрі қарай дамыту мақсатында ұйымдастырылған осы жиында қабылданған, бұгінгі күнде маңызын жоймаған төмендегі ұсыныс-пікірлерімізді айтуға ұлықсат етіңіздер?!
Олар: 1. Ел ішіне іріткі салатын діни топтар мен секталардың іс-әрекетіне тосқауыл қою үшін БАҚ, зиялы қауым мен бұқараны жоспарлы түрде ағартушылық қызметке жұмылдыруға;
- Мекеме басшылары және оның салалық әріптестері мен жұмысшыларының дәстүрлі дін аясындағы таным-түсініктеріне қолдау білдіре отырып, мемлекеттік заң шеңберінде діни теріс әрекеттер мен үгіт насихаттардан азаматтарды қорғауға;
- Уағызшы (шырақшы) қорым басында дәстүрлі дінімізге байланысты уағыздар жүргізіп, пайғамбарымыздың (С.Ғ.С) хадистері мен Имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабы негізіндегі ұстанымдарға шақырып, мемлекеттің осы бағыттағы бағдарлы саясатын басшылыққа алуға және зиярат етушілерге исламдық әдеп пен имандылық тұрғысынан кішіпейілдікпен қызмет көрсетуге;
- Дінтанушы мұғалімдер мектептерде түрлі діни ағымдардан қалай қорғану қажеттігін нақты дәлелдеп көрсетуге және олардың шығу тарихы мен көздеген мақсаттарын айқындап отыруға;
- Әулиелік орындар басында оның нақты тарихы жазылған тақталар қоюды қолға алуға;
- Мектептерге ұлттық тәрбие пәнін енгізу және оқу орындарында салт-дәстүр, дәстүрлі дін және әулие ата-бабаларымыз, тарихта ел есінде қалған аузы дуалы билеріміз және олардың ұрпағына қалдырған ұлағатты өсиет сөздері жөнінде мәлімет беретін тәрбие сағаттарын ұйымдастыруға;
- Жергілікті телеарналардан әулие-әнбиелердің өмір тарихын және ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында жөн білетін жасы үлкен көне көз қарияларды қатыстыра отырып халыққа түсіндіретін арнайы «Бабалар рухы, ұлттық тәрбие және имандылық» атты тұрақты бағдарлама ашуға; салт-дәстүрді уағыздайтын жыр-термелерді теледидардан көбірек беруге;
- Жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беретін оқу орындарының оқытушыларымен семинарлар өткізуге;
- Ата-аналармен ұлттық салт-дәстүр және дәстүрлі дін бағытындағы тарихи танымдық жүздесулердің тұрақты жүйесін қалыптастыру (т.с.с) бағдарламалар дайындап, жүйелі оқытуға;
- Қоғамдық қарым-қатынаста туындап отырған дәстүрлі діни тағлымның жетекші күші имамдар мен дінтанушылар (кәнігі мамандар). Олардың алаңсыз жұмыс жасауына жағдай туғызу тұрғын үй, жалақы мәселелерін шешуге мемлекеттік қолғабыс пен жекелеген жергілікті кәсіпкерлердің, жалпы көпшіліктің назарын аударуға;
- Өлкеміздегі мешіт имамдарының діни-ағартушылық жұмыстарын жандандыру, теле-ақпарат беттерінде жеке-жеке рухани мінберлерден сөйлету, тұрғындарға есеп беру үрдісін жолға қою, рухани құндылықтарымызды насихаттау, жастарға дәстүрлі дінімізді уағыздау, теріс пиғылды діни ағымдардың салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, жалпы қоғамға келтірер зардаптарын ашық айтуды сындарлы жүргізуге;
- Неке қағазын имамдар тойда, көпшіліктің ортасында тапсырып, осы мүмкіншілікті пайдаланып, имандылық, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпымызды насихаттауды дәстүрге айналдыруға;
- Мешіттерде имамдар уағыз кезінде, құран ілімін пайдаланумен қатар, түркі әлеміндегі тарихта қалған бабаларымыз бен әулие-әмбаптарымыздың тәрбиелік мәңызын жоймаған терең мағыналы нақыл сөздерін жиі пайдалану;
1ң. Осы бастамаларымыздың өрісін кеңейту және басқа да облыс тұрғындарына насихаттау мақсатында «Бабалар рухы, ұлттық тәрбие және имандылық» атты тұрақты жиынды алдағы уақытта аймақтық деңгейде өткізуге шақырамыз дклінген.
Үндеу қабылдап қол қойғандар, уақыт алып атын атамай-ақ қояйын, өлкемізге белгілі қоғам және дін қайраткерлері, мемлекет қызметкерлері барлығы 38 азамат.
Қол қойғандар: Хаснияз Дүйсен — қалалық «Бекет Ата» мешітінің имамы, Қаршығаев Ермұхан — Маңғыстау ауданы ардагерлер кеңесі, Әмин Күнзила — «ҚР мұсылман әйелдері қоғамы» МОФ-ның төрайымы, Нияз Тобыш — Ш.Есенов ат.КТжИУ оқытушысы, дін танушы, Асқаров Бекен — Жаңаөзен қалалық мешітінің имамы, Аралбаев Данияр — «Отпан» МКҚК директоры м/а, Адай Сабыр — ақын, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, Төремұратов Қынап — «Имам Ағзам» қоғамдық қорының президенті, Айдарбек Жомарт — «Парасат» қоғамдық бірлестігі кеңес төрағасының орынбасары, Айтбаев Саламат — Маңғыстау ауданының имамы, Аққұлов Асқар — Маңғыстау аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы, Қонысқалиев Наурызбай — «Қараман ата» әулие шырақшысы, Есенәлі Иса — облыстық ішкі сяасат басқармасының бөлім бастығы, Алпысбаев Сабит — «Қошқар ата» қорымының шырақшысы, Атибеков Елдар — Маңғыстау ауылы мешітінің имамы, Бабасов Марат — Маңғыстау энергетикалық колледжі, оқытушы, Базарова Гүлнұр — Маңғыстау туризм колледж оқытушысы, Балтабаев Серікбай — О.Тұрмағанбетұлы атындағы Жаңа өзен мұнай-газ колледжінің студенті, Дүйсекеш Тұрғанбек — «Қошқар ата» қорымының шырақшысы, Жаңабаев Ұзақбай — Бейнеу ауданы имамы, Жеткізген Досан — МО жастар саясаты басқармасы бас маманы, Жұмсақов Ағзам — Жетібай аулының тұрғыны, қоғам қайраткері, Жүсіп Опа — Форт Шевченко қаласының имамы, Қалиұлы Кеңесбай — Бейнеу кенті «Бекет ата» мешітінің шырақшысы, Қауқар Нағима — Ақтау экономикалық лицей оқытушысы, Құспанова Айнұр — Ақтау қаласының №5 орта мектеп мұғалімі, Маманбаев Қайрат — Теңге кентінің «Қосай ата» мешітінің имамы, Муталиев Айдос — Мұнайлы ауданының имамы, Мұхамбет Жайлыбаев — облыстық ІІД-нің экстремизмге қ/к бөлімі, Нұрбергенов Жұмат — Ақтау көлік колледжі оқытушысы, Салқынбаева Фатима — Жаңа өзен мұнай-газ колледжінің жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі, Сатибаев Саят — Теңге ауылы зиратының шырақшысы, Оразбаев Құндызбай — Жыңғылды ауылының имамы, Шадиярқызы Гүлназия — Маңғыстау туризм колледжі мұғалімі, Шәудірбаев Рахат — Маңғыстау политехникалық колледжі мұғалімі, Жамеков Назар — МО дін істері агенттігінің директоры м/а.
Құрметті түркі әлемінің кіндігі қасиетті Түркістан қаласында бас қосып отырған зиялы қауым!
Кезінде Маңғыстауда «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәденеи кешенінде қабылданған бүгінгі таңда өте актуалды, мәнін жоймаған осы үндеуді қолдауға шақырамын.
2007 жылдан бері міне 17 жыл бойы Маңғыстау халқының жыл сайынғы дәстүрлі төл мерекесі жыл басы Амал мейрамы Отпан тауда ұйымдастырылып келеді. Адай атамыздың 8 немерелерінің ең кенжесі, қара шаңырақтың иесі Мұңал ата ұрпақтары 2015 жылы салып берген қазақтың Қарашаңырағы іспетті киіз үй тәрізді зәулім ғимараттың және кешен территориясындағы алаңдарға киіз үйлер тігіліп, ұйымдастырушы ата ұрпақтары, өткен 16 жыл бойы тәуелсіздік пен тірліктің, достық пен бірліктің, рух пен намыстың, елдік пен ерліктің оты – Ұран отын жағу рәсіміне куә болғысы келген мыңдаған меймандарды ел азаматтарын қарсы алды.
Бұл шараға арнайы шақырылған бабалар ұрпақтарының қолдан-қолға өткен татулықтың, бірліктің Ұран Отын, Адай атаның 8 немересінің ұрпақтары, Маңғыстаудың ең биік жерінен түнгі аспанды алауға бөлеп, әрбір жанның жүрегіне тәуелсіз Қазақ еліне, туған жеріне деген сүйспеншілігін, халықтың бірлігі мен болашақ тәуелсіз өмір тірлігіне, ертегі күніне деген сенімін ұялатты. Ертесіне мәдени ұлттық салт-дәстүрлі шаралар: тұсау кесер, бесікке салар, қол үстасып құшақ жайып көрісу, қазақ күресі, садақ ату, ат Бәйгісі, қыз куу, түйе жарыс тағы басқа ұлттық спорттық шаралар ұйымдастырылып, Маңғыстау облысы қала, аудан өнер жұлдыздарының қатысуымен «Баба сазы естіледі Отпаннан» атты халық шығармалары репертуарынан концерт берілді. Осы шара жыл сайын жалғасын тауып келеді.
Адай Атаның екі баласы Кұдайке мен Келімбердіден 8 ұрпақ тараған. Олар: Құдайкеден – Қосай, Тәзіке, Келімбердіден – Құнанорыс (Ырысқұл), Ақпан, Балықшы, Бұзау (Әлнияз), Тобыш, Мұңал. Амал мейрамын атадан тараған 8 немересінің ұрпақтары ұйымдастыру бүгінде дәстүрге айналды.
Сонымен қатар 7 май Қазақстан қарулы күштер күні Маңғыстау облысының аудан, қала әскери комиссариатының ұйымдастырумен «Адай Ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде әскерге шақырылған жасөспірімдермен кездесу шарасы өтуде. Оған аудандық ақсақалдар кеңесі төрағасы және ауданның әскери комиссары қатысып, Ұран Оты алаңында оларға бата беріледі және арнайы дайындалған патриоттыққа үндеген «Ата жұрт аманатын» тапсырылады.
Жастарға ұлттық патриоттық тәрбие беруде өз Отанын, туған жерін, елін сүюге және оны қорғауға сезіндіретін бұл шара, облыстық жастар саясатымен айналысатын басқа да мекемелер басшыларынан қолдау тауып, бүгінгі таңда облыс көлемінде кең қанат жаюда. Міне осындай жастарға патриоттық тәрбие беретін шаралар жыл сайын өткізілуде.
Отпан тауда Қазақстанның халық ақыны марқұм Фариза Оңғарсынова және басқа да көптеген өлкемізге іссапармен келген мемлекет қайраткерлері: сол кездегі Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі және мемлекетік хатшы Қанат Саудабаев, тағы басқа да елімізге белгілі азаматтар рухани кешенге арнайы ат басын тіреп, Адай Ата рухына тағзым етті.
Міне, кешенінің салынуы және онда көптеген рухани мәдени шаралардың ұйымдастырылуы – жаңа буын жас ұрпақты тәрбиелеуде, аға буын және ақсақал қарттарымыздың өткен өмір жолдарын ой елегінен өткізіп, ата-бабаларының рухына тағзым етуіне, елдің басының бірігуіне, өзгелер мен бөгделердің ең биік жерге салынған кешеннің мерейі мен мәртебесін сезінуіне, сол арқылы осы жерде өмір сүріп жатқан ата-баба ұрпақтарының рухының, қадір-қасиетінің жоғары екенін мойындауына зор ықпалын тигізді.
Алғашқы жылдары кешенде ұйымдастырылған барлық рухани-мәдени шаралар Маңғыстау ауданы әкімдігі басшылығының тікелей араласуы және қолдауы нәтижесінде өтті. Ал, «Адай» қорының басшылығы тарихи кешенді халыққа рухани киелі орын екендігін айқындап көрсету және оларды сезіндіру мақсатында келушілермен табандылықпен идеологиялық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Рухани кешенге әсіресе жастар көптеп келді. Көктем, жаз айларындағы мерекелерде, демалыс күндері көптеген мекемелер ұйымдасқан түрде ұжымдарымен келіп, Ата рухына зират етті, ал кебіреулері арнайы садақа берді.
Тағы бір есте қалатын жағдай 2007 жылдың желтоқсан айындағы басқа облыстардан келген облыстық мәслихат депутаттары төрағалары және сенаторлармен болған кездесу. Кездесуде осы кешеннің авторы Сабыр Адай оның кешеннің тұжырымдамасын, салыну мақсаты мен мән-мағынасын түсіндіріп берді. Кездесу соңында құрметті қонақтарды бастап келген жасы 80-ді ауқымдаған Ұлы жүздік ақсақалдың — Ұлттық идология Отпан таудың басынан басталады екен. Біз бүгін оған куа болып тұрмыз. «Үш жүздің басы біріксе алынбайтын қамал жоқ», «Тәуелсіздіктің тірегі — үш жүздің күші, көк найзаның ұшы» — деген мағына беретін Адай таңбаның өзінде де үлкен ұлы саясат жатыр. Біз бұрын бұны байқамаппыз. Сабыр бауырым, маңғыстаулықтар бәріңізгеде көп рахмет ризамыз — деп тебіреніп, ағынан жарылып, көпшіліктің алдында бас июінің өзі-рухани кешеннің тек маңғыстаулықтарға емес исі қазаққа ортақ киелі орын екенінің айғағы.
«Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени кешенін келіп көруге немесе арнайы зират етуге еліміздің түпкір-түпкірінен, шет елдерден қандастарымыз немесе өзге ұлттардың да өкілдері көптеп келді. Олар өздерінің ата-бабалар рухына деген пейілдерін, салынған рухани тарихи — мәдени кешенге деген құрметін және оның халыққа, жас ұрпаққа беретін тәрбиелік ролі туралы сезім ойларын арнайы жасалынған Тілек кітабына жазып қалдырды.
2009 жылы тамыз айының 1 жұлдызынан бастап, «Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени кешені «Адай» қайырымдық қорының иелігінен облыстық мәдениет басқармасының жанынан құрылған «Отпан» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының қарамағына көшті. Дағдарыс уақытындағы облыс әкімшілігінің «Адай» қоры басшылығымен келісіліп жасаған бұл қадамы облыс басшылығының өлкеміздегі тарихи-мәдени мұраларға деген қамқорлығының бір көрінісі болды. Мемлекет тарихи-мәдени кешенді өз қарамағына алу арқылы оны рухани тарихи-мәдени мұра ретінде мойындап, Қазақстанның ең бір киелі құндылықтарының бірі ретінде таныды. Осы арқылы барлық қазақстандықтар мен шетелдіктердің келіп танысып көруіне, білуіне зират етуіне жағдай туғызуға және жастарымызға ұлттық идеологиялық, патриоттық тәрбие беру орталығына айналуына мол мүмкіншілік жасалды
«Отпан» МКҚК қызметінің негізігі стратегиялық мақсаты – Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған қызмет түрлерімен айналысу арқылы мәдени мұралардың сақталуын қамтамасыз ету және дәріптеу, мәдениет және өнер саласында бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру болып табылады. Осы мақсатта: тарихи-мәдени мұраны насихаттау, аймақтың тарихы мен мәдениеті жөніндегі мәліметтерді мақсатты түрде тарату бағытындағы іс-шараларды жүзеге асыру; ұлттық мәдени мұралар мен тарихи жәдігерлерді қорғауға алу, тарихи құндылықтар мен мәдени мұралар түрлерін жинақтап, есепке алу мен оларды сақтауды қамтамасыз ету; ғылыми-техникалық көрмелер және ғылыми ағарту іс-шараларын ұйымдастыру; өлкенің тарихи-мәдени, рухани құндылықтарын насихаттау; жергілікті халықты, жастарды тарту арқылы кеңінен үгіт-насихат жұмыстары мен мәдени-көпшілік шаралар және экскурсиялар ұйымдастыру; өлкедегі ұттық мәдениеттің сақталуын, дамуын, жаңаруын қамтамасыз ететін қазіргі заманғы жалпы ұлттық ақпараттық орта қалыптастыру; өлкенің өткен өмір тарихына байланысты тың жаңа деректерді табу мақсатында облыс, республика көлемінде іссапарларға шығу; мәден шаралар өткізу және ақылы қызметтер көрсету; ұлтаралық бірлестікті қалыптастыру, азаматтардың ақпараттық және мәдени қажеттілігін сапалы қанағаттандыру, мемлекеттік саясатты ақпараттық тиімді сүйемелдеу, қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту. Осы көрсетілген мақсат, міндеттер мен оны іске асыру бағытындағы жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының мәдениет, өнер саласына қойған талабын іске асыру мақсатында жасақталған жоспарының орындалуына өз үлесін қосып келеді.
Әуелгі бастан жоспарланған шын мәніндегі киелі орынға айналдыру мақсатында оның жәдігерлік қорын толықтыру үшін облыс әкімдігі облыстық мәдениет басқармасының басшылығымен Ақсарай көрме залы бөлмелері 2010 жылы тақырыптарына лайықталып, қайта жөнделіп, «Қазақстан мемлекетінің даму тарихы», «Маңғыстау және жеті жұрт», «Маңғыстау және маңғыстаулықтар», «Өлке жеріндегі ислам» тұрақты көрме залдары жасақталды. Кейін 6 экспозициядық зал, яғни «Дала данышпандары», «Маңғыстаудағы ислам», «Өнер және этнография», «Ұлы дала көшіндегі Маңғыстау» және архелогия залдары болып қайта жасақталды.
Өткен жылдары өлке тарихында ерекше есте қалатын рухани мәдени көпшілік шараның бірі және бірегейі бұл Бекет Атаның 260 жылдығына арналған шара.
Осы шараның аясында «Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени кешенінде 18 қыркүйек күні Ақсарай мұражайы ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысып, мұражайдың алғашқы тұсау кесері – лентасын қиды. Бұл шараға басқа облыстар мен Астана, Алматы қаласынан арнайы келген қонақтар және жергілікті өнер, білім, мәдениет қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, жергілікті тұрғындар қатысып, Адай атаның рухына құран оқылды. Ақсарай мәжіліс залында Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми әдістемелік Кеңестің отырысы өтті. Оған ҚР Еңбек Ері, халық жазушысы Ә.Кекілбай Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, ҚР Мәдениет министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы І.Қозыбаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Д.Мыңбай, ҚР Парламентінің депутаттары, облыстар мен Астана, Алматы қаласынан қадірлі қонақтар қатынасты.
2010 жылы 27 қарашада Қазақстанның қоғам қайраткерлері белгілі акедемик Төрегелді Шарманов, профессор Салық Зиманов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері Отпан тауда қонақта болып, арнайы кітапқа естелік қолтаңбаларын қалдырды.
«Отпан» мекемесіне қатысы болмаса да тағы бір айта кететін қуанышты жағдай «Отпан» тарихи-мәдени кешені жанындағы биік шоқыдан өлке тұрғындарын байланыс жүйесімен толық қамтитын биіктігі 50 метрлік тұғыр тұрғызылды. Бұл байланыс тұғырының тұрғызылуына осы тарихи-мәдени кешеннің тікелей ықпалы болды. Тарихи-мәдени кешеннің салынуы өлкемізге маңызды байланыс жүйесінің Маңғыстаудағы ең биік тау — Отпанның төбесінде орналасуына жағдай туғызды.
2014 жылы Тобыш атаның ұрпақтары ұйымдастырып, «Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени кешеніне қайырымдылық негізінде тауға көтерілетін жолдың бойына Бас қақпа салып, айналасына ағаш егіп, Ақсарайға дейінгі тау жолын тегістелді. Жан-жақтан келген қонақтарға 22 ағаш үй тігіліп, үлкен қонақасы берілді, Шараға облыс әкімі А.Айдарбаев, қоғам қайраткері ақиық ақын М,Шаханов, С.Адай, «Қазақстан – Заман» газетінің басшылары С.Мешітбайқызы, Е.Айғали, ҚР Парламентінің сенаторы Б.Шелпеков тағы басқа да құрметті қонақтар келіп қатысты. Ал, 2015, 2016 жылдары Мұңал және Қосай ата ұрпақтары ұйымдастырған Амал мейрамы ерекше болды. Мұңал ата ұрпақтары «Адай ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени орталығында жаңа мәдени ошақ – «Қарашаңырақ» нысанын салып, пайдалануға берді. «Қарашаңырақ» нысаны ортасына Түркістандағы киелі тайғазанның көшірмесін жасап әкеліп, орнатты.
2016 жылы Қосай ата ұрпақтары әуел бастан Адай қорының Отпан тауға концепциясы негізінде, 1870 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін Тәжікстанға жер ауып кеткен, Қосай ата ұрпағы, жорық жыршысы Қалнияз Шопықұлының мүрдесін әкеліп жерлеуді ұйымдастырды. Қалнияз ақын жерленген төбе «Бата төбе» деп аталады. Ал Қалнияз ата туралы айтсақ, ел аузында «Жорық жыршысы» атанған тұлға. Ақынның ерекшелігі — ел шетіне жау тиген қиын сәтте ерлердің қасында болып, жыр-толғауларымен ерлікке үндеді. Жорық кезінде бір иығында жебе толы қорамсақ, екінші иығында құрама домбырасы болды. Жорықтың ұраншысы, жігерлендірушісі, дем берушісі болды.
Бата төбені салудың негізгі арқауына ақын Сабыр Адайдың: «Бата – алғыс тілек. Жеке тұлғаның және көпшіліктің жалқы мен жалпыға бағышталған көңіл ілтипаты. Бата алу – Алланың тарапынан рахмани және рухани күш-қуат алумен қатар нысаналы бағытының шындығы мен ақиқатына қоғамдық негізде көз жеткізіп, кепілдікке ие болу. Қазақта: «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» (құл деген құдайдың құлы деген мағынада айтылады), «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер», «Батасыз іс – баянсыз», «Баталы сөз – алтын сөз» деген мақал-мәтелдерді мысалға алсақ та жеткілікті» деп жазған сөзі негіз бола алады.
Маңғыстаудың байырғы тұрғындары Адай Атаның ұрпақтары атаның сегіз немересінің ішінде жолы үлкені болып есептелетін Қосай атадан бата алып, оған құрмет көрсетіп отырған. «Жолға шықсаң қосайдан жолдасың болсын!» деген сөз қалған. Бұл аталардан қалған киелі сөз бүгінгі күнде мағынасын жойған жоқ. Бүкіл қазақ ұлтына ортақ символикалық белгілерімен нақышталған арнайы тақтатасқа Алты Алашқа арналған Қосай атаның ақ бата, тілегі осы Бата төбедегі арнайы алаңшаға орнатылса, бұл бүкіл қазаққа, ұлтымыздың бірлігіне арналған Қосай Атаның ақ бата, ақ тілегі жазылған Бата төбе – халқымыздың басына барып, ақ батасын оқып, санасына сіңіріп, тағзым ететін, болашаққа деген сенім мен бірліктің тағы да бір рухани қазығына айналатын орын болмақ. Бұл идея алдағы уақытта өз шешімін табады деп ойлаймыз.
Алда, әлі талай жоспарланған жұмыстар күтіп тұр. Олар: әуелгі бастан жоспарланған — «Батырлар алаңы» мұражайын, «Алаш батыры» ескерткішін салу; спорт кешені, қонақ үй, кешенді суландыру, көгалдандыру, тау бөктеріне ағаш, гүлдер егу; тау етегіне салынатын – «Өнер отау» саяхат орны, тарихи-мәдени кешеніне баратын тау жолы бөктерлеріне салынатын тыныс орны – рухани аялдамалар мен асфальт жол. Бұл шаралар облыс, мемлекет басшылығының қолдауымен, алдағы уақытта іске асады деп отырмыз.
Олай болса алдағы жылдары бұл киелі орын Үкімет басшылығының, облыс әкімдігінің қамқорлығында Қазақстан жұртшылығын, облыс тұрғындарын және туристерді қызықтырып, рухани азық алатындай, олардың өлкеміздегі тарихи-мәдени құнылықтар мен мұралардың қадір-қасиетіне деген қызығушылығын, қазақ тарихының дүние жүзі тарихына қосатын тарихи үлесіне деген нанымын, ата-балар рухына деген сенімін, өз өлкесін, Ата жұртын сүю, отаншылдық пен патриоттық сезімін оятатындай шынайы киелі – тарихи-мәдени орынға, мәдени құндылықтардың жиынтығы – тарихи-мәдени мұраға айналары сөзсіз.
Оның үстіне Ақтау қаласы түркі әлемінің 2025 жылғы астанасы деп жарияланды. Бұл Маңғыстау облысы басшылығы, Сегіз Арыс ұйымдастыру алқасы және ел азаматтары үшін, «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенін дамыту жолында күрделі де, жауапты іс болмақ.
Үшіншіден, «Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық этно-мәдени кешені және Амал мейрамы Көрісу күні мен Ұран отын жағу рәсімінің мақсаты мен мәні жайлы да айта кетейік
«Адай Ата – Отпан тау» тарихи танымдық мәдени кешенінің салынуы ол жердің тарихи маңызы зор оқиғаларымен тығыз байланысты. Отпан тау жерінде көне дәуірлермен белгіленетін археологиялық нысандар, өлкенің өткен заманғы тарихына байланысты орындар табылуымен қатар, ол орынмен ел аузындағы аңыз-әңгімелер байланыстырылады. Бұл жер ежелгі замандардан бері өлке тұрғындарының Ұран Отын жағып, басқыншыларға қарсы бірігіп, тарихи мәжілістерге жиналатын орны болған. Күні кеше Ұлы Отан соғысы кезінде соғыста жүрген боздақтарының амандығын, олардың жеңіспен оралуын тілеп садақа берілген жер. Сол себепті, қазіргі замандағы оның экспозициясының негізгі идеясы – егеменді Қазақстанның болашағы – бүгінгі ұрпаққа ата-бабаларымыздың даңқын, тарихы мен философиясын насихаттау жолдарымен ұлтты біріктіру, халықтар достығын насихаттау, игі істерге ұрандау, тәуелсіздіктің, бірліктің, достықтың, ел үшін шейіт болған ата-бабаларымыздың және тәуелсіздігімізді нығайту бағытында өз үлесін қосып, бүгін арамызда жүрген ұл мен қыздарымыздың, зиялы азаматтарымыздың құрметіне Тағзым отын жағу.
14 наурыз Маңғыстау халқының көне заманнан бергі «Амал келді – жыл келді», мейрам қарсаңында жауған қарды «Амалдың ақша қары» деп, Ұлыстың ұлы күні жыл басы ретінде тойланып, ғасырлар бойы салт-дәстүрге енген мейрам. Бұл мейрам 2008 жылдан бастап, өлкеміздің тарихи жәдігерлері орналасқан Ақсарай мұражайы алаңында өткізіліп келеді.
Бұл екі рухани-мәдени шараларды «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде ұйымдастырудағы көзделген мақсат:
- «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің мәртебесін көтеру, өлкемізде туризмді дамыту мақсатында мәдени шаралар ұйымдастырып, оны насихаттау;
- Кең байтақ жерімізді қорғап, бүгінгі күнге жеткізген ата-бабаларымыздың рухына арнап және бүгінгі таңда тәуелсіздігіміздің нығаюына үлес қосып жүрген халқымызға, зиялы қауым, ата-ана мен ұл-қыздарамыздың құрметіне – Тағзым отын жағу, cол арқылы жастарымызды отан сүйгіштікке тәрбиелеу, олардың ой-санасында ұлттық патриотизмді сіңіру, қалыптастыру, Кеңес үкіметі уақытынан бері ерліктің символы ретінде жағылып келе жатқан Мәңгілік алау оты бұдан ғасырлар бұрын қазақтың кең байтақ даласында да жағылғанын өзге ұлт өкілдері мен шетелдіктерге сезіндіру;
- Жыл басы Амал мейрамын тойлау және онымен қатар келетін Көрісу күніннің негізгі мақсаты, жыл басында ағайын-туған, көрші-көлем құшақтасып қол алысып, көрісу, осы арқылы өткен уақыттағы өкпе-реніш болса оны кешіру, ата салт-дәстүрімізді жалғастыру. Сол арқылы қазақ халқының өркениетті тарихы бар, бұрыннан да салт-дәстүрі қалыптасқан ежелгі ел екенін көрсету, оны жоғалтпай болашаққа, ғасырдан ғасырға жеткізуге өз үлесін қосу.
- Үкіметтің «Мәдени мұра» бағдарламасын жергілікті жерде іске асыру мақсатында Үкімет басшылығының қабылдаған мәдениет және өнерге байланысты тапсырмасын іске асыру.
- Ең негізгісі Қазақ Атадан тараған оның ұрпақтар – Үш Жүздің азаматтарының жыл сайын Амал мейрамында басын қосу арқылы ұлтымыздың бірлігін, Атажұртымыздың тұтастығын, ондағы өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың теңдігін, бірлігін сақтап, тәуелсіз Қазақ елінің Мәңгілік елге айналуын насихаттау.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, осы кешенде ұйымдастырылған шараларға және Ұран Отын жағуға қарсы пікірлер айтып қалып жүрген пенделер де көрініп қалып жүр. Әрине олар көп емес, жалғыз-жарым. Олар: өздері тасада тұрып, өздерінің шынайы бет-бейнесін көрсетпей халық арасына іріткі салатын ойларын — ақылсыз, таяз ойлайтын, өлке тұрғындары арасында анда-санда ұраншыл сөз, пікірлерімен көрініп қалып, «белсенді» атанып жүрген сасатшысымақ біреулер арқылы білдіреді. Нәтижесінде олар — осы пікірі арқылы өздерінің кім екенін елге танытып үлгерді.
Ұран от жайлы әңгіме айтқанда бір нәрсені түсіну керек. Ұран отты жаққанда қазақ халқы біреудің елін жаулап алып, нақақтан қан төгу үшін жақпаған, керісінше тыныштықты сақтап, жамандықтың бетін қайтарып, халқын, елін қорғау үшін жаққан. Оның үстіне «ұран» деген сөздің жеке тұрғандағы мағынасын жаманшылыққа апарып теліп, сабақтап байланыстыру кейде, әркімнің өзінің сол мәселеге деген ниеті мен көзқарасының айғағы ретінде сыртқа шығады. Мысалы: «Ел болайық, тәуелсіздікті қорғайық, бірлік пен берекені ту қылып көтерейік, дәстүрлі дінімізді ұстап, имандылықтың жолында адал болайық, бізге дейінгі бабалар рухына тағзым етіп, шырақ жағайық, жастарымыз оқу мен білім-білікті, ғылымды үйреніп, ұлттық өнерді дамытып, салт-дәстүрімізді, бейбітшілік пен тыныштықты көздің қарасындай сақтап, өнегелі ғұмыр кешіп, халқымыздың ішкі тұтастығына қол жеткізіп, жақсылық пен жаманшылықты айыра білейік» деп ұран салып, Бірлік отын жақсақ — кейбіреулердің ойынша бұл қасіреттің басы сияқты. Отпан таудың басында жылма-жыл ақсақалдар бата беріп, дәл осы бағыттағы тілекті халқына арнап келеді. Батаменен ер де, ел де көгереді. Оның үстіне Отпан таудағы Бірлік оты – халықтар достығы мен бабалар рухына жағылған шырақ. Адай атаның басына күллі ұрпақтары барып шырақ жағып, дұға қылып, ұлтты бірлікке ұрандап, өлінің әруағы мен рухын ризаласа – ол жаман ба?… Өткенді сыйлап, ұлттық мәдениет пен тарихты дәріптеп, ұрпаққа өнеге көрсету, «Өлі жебемей – тірі байымайды» дегендей, «Амал» мерекесі – Жаңа жыл күні ұлы бабамыз Адай атаның басына ұрпақтары келіп, бірінші бабалар рухын риза қылып, сәлем беру – бұл жаманшылық емес. Жақсылыққа үндеудің барлығы «Ұран» сөзіне кіреді, ұрандау тек жаманшылықтың тұсында ғана айтылатын сөз бен көрсетілетін әрекет емес. Мысалы «Әнүран» деген сөзді алайық. Қазақстанның «Әнұраны», халықты елдікке, ерлікке, бірлікке, Атажұртты қорғауға шақырып, ұрандатып тұрған жоқ па?
Енді «От» сөзіне мән беріп көрейік. От – бүкіл жаратылыстың және өркениеттің, қозғалыстың бастауы. Әрине, жаратушы бір Алла. Қазақта «Ошағыңнан от кетпесін», «отың өшпесін», «отты жігіт», «отты сөз», «жалынды ғұмыр» т.с.с. сөздер көп. Жарқыраған Күн де от. Отпен аластау, отқа май құю, от түтету секілді ырымдар бар. Оның үстіне қазақ сияқты мал баққан көшпенді халық Амал мерекесі – Жыл басында малдың өрісіндегі төбе-төбенің басына от жағып, төрт түлікті ортасынан айдап өтіп, жұттан, қуаңшылықтан, сұқ көзден, ит-құстан – жалпы жаманшылықтан сақтасын деп ырым етіп, рәсімдер жасаған («Қарапайым қағидалар» еңбегінде айтылған. авт. Сабыр Адай).. Әліге дейін адыраспан түтетіп, үй-ішін аластап жүрміз. Сонда Отпан таудың басында, Адай атамыздың рухы қасында тұрып бабаларымыздан қалған ошағын кие тұтып, олар қорғап өткен ата-баба намысы мен атамекенді ұлықтап, бүгінгі замандастарымызға рухани татулық пен бірлікті ұрандап, күш-жігер, қуат беріп, болашақ ұрпақтың бақытын ойлап, тілегін тілеп, жаманшылықтан от жағып аластап, жақсылыққа бастасақ – бұл да жаман әрекет пе? Тағзым ету – біле білсең құдайға шүкірлік ету, тәубаға келу. Бір Алла тәубаға келген халық пен құлдарын еш уақытта жаманшылыққа қимайды. Сонда «Ұранот» деген сөздің қай жерінен жамандық көріп отырмыз. Бабаларымыз Отпан таудың басына от жаққанда жау шақырмаған, керісінше тыныштық пен бейбітшілікті күзеткен.
Амал мейрамын жылы уақытта өткізу туралы пікір де айтылып жүр. «Алланың бір аты – халық» дейді қазақ. Халық ұйғарып, ғасырлар бойы дәстүрге айналған көрісу салты, Амал – ұлтымыздың төл мерекесі, табиғаттың заңдылығы. Ол күнді біз қалай өзгертеміз және оған хақымыз бар ма? Атаулы мерекелерді күннің жылы уақытына қарай ыңғайлай беретін болсақ, 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күнін, 31 желтоқсандағы Жаңа жыл мерекесін т.б. жаз айларында тойлауымыз керек пе?
Әр нәрсе өзінің уақытымен мәнді және сәнді. Бір азамат шығып, «Амалды күзге қарай мал күйленіп, жеміс-жидек піскен соң өткізсек қайтеді» деп ұсыныс жасаса не істеуіміз керек? Көздеген мақсат – ұлттық салт-дәстүрді сақтап, ұрпаққа қаз-қалпында аманат ету. Ауа райына қарап күнде құбылып жүрсек ұлттығымыздан не қадір-қасиет қалады? Тәнімізді суықтан қорғағанша, бабалар рухына адал болып, жанымызды ұлтсыздықтан, табансыздықтан, надандықтан қорғайық! Бабамыздың рухы мен халқымыздың бірлігінің құрметіне салынған орталықты әр саққа жүгірту және жеңіл пікірлер мен алып-қашпа ойларға жетелеу – өліде бабаларды, тіріде халқымызды қорлау. Ұлтымыз жайлы, өзгермейтін ұлттық жайлы ойыңа келген нәрсені айта салу, жаза салу, өзгерте салу түптеп келгенде өз ұлтыңды менсінбеушіліктің, тәкаппарлықтың, оданы-олақ пікіріңе жауап беруге дағдыланбаған мәдениетсіздіктің белгісі.
Адай атаға көрсеткен құрмет – барлық өлі аруақтарға көрсеткен құрмет. Сондықтан жылдың басы Амал меркесінде ақсақалдарымыздың өздері бастап, бабалар рухына сәлем беріп, бір-бірімен көрісіп жастарға өнеге көрсеткені дұрыс. Ал денсаулығына, әр түрлі жағдайға байланысты бара алмайтын ақсақалдар аманат-ниетін бағыштап, дұға қылып, не болмаса бала-келінін жіберіп жатса нұр-үстіне нұр! Айналып келгенде, жастарға өнеге көрсетіп, жеке-жеке үйге тығылғанша көпшілікпен тілек табыстырып, құшақ қауыштырып төл мерекемізді Отпан таудың төрінде тойлағанымыз абзал?! Ұмтылсаң көпшілікке қарай ұмтыл, олар мен бірге бол! Көпшіліктің тілегін Алламда да қабыл етеді. Халықтан асқан дана жоқ! Амал мерекесін Отпан тауда тойлау және оны 14 наурыз күні атап өтуді ұйғарған да сол халық пен көпшілік.
Құрметті халқым! Еліміз тыныш, басымыз бір болсын! Сонда ғана ата-бабаларымыз біздерге мирас қылып, қалдырып кеткен ұлан-ғайыр бай да байтақ жерімізге ие болып, балаларымыз бақытты өмір сүретін қазақтың болашақ Мәңгілік Елін құра аламыз! Ал, Отпан тау – Ел бірлігінің символы!
Данияр АРАЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Ақтау қаласы, Мұнайлы және Қарақия аудандарының Құрметті азаматы. «Парасат» қоғамдық саяси-демократиялық қозғалысы, Маңғыстау облыстық Кеңесі төрағасы.